Спорт

Теріскейліктер марафонға қатысты

Спорт – денсаулық кепілі. Петропавлда Спорт күніне орай марафон өткізілді. Осымен 11-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан жарысқа 300-ге жуық теріскейлік қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын жерлестеріміз 4 көше бойымен жүгіріп, 3 шақырым жерді еңсерді.

Олег Сысолятин спортпен айналысуды жастайынан бастаған. Бүгінде 58-ке келсе де сүйікті ісінен алшақтап көрмепті. Түрлі халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанған. Жуырда тағы 2 бірдей додада өзінің мықтылығын дәлелдеді. Елге алтынмен оралды.

Олег Сысолятин – марафонға қатысушы:

– Қанша қиыншылықтар болса да жеңіске жетемін деген үмітімді ешқашан сөндірмедім. “Еуропа-Азия” жартылай марафоны Екатеринбургте өтті. Онда 5 мыңға жуық адам қатысты. Мен 21 шақырымды 2 сағат 24 минутта еңсеріп, ең бірінші болып келдім. Жақында тағы Қызылордада өтетін жарысқа қатысуды жоспарлап отырмын.

Көп өтпей марафон да басталып кетті. “Спорт денсаулық кепілі” демекші, салауатты өмір салтын ұстанушы теріскейліктер 4 көше бойымен 3 шақырым жерді еңсеруде. Ал мәре сызығын кескендерге марапат табыс етілді.

Гүлден Дәукенова – марафонға қатысушы:

– Мен қыркүйек айынан бастап жүгіруге қатысып жүрмін. Маған спортпен айналысқан ұнайды. Ол денсаулыққа пайдалы.

Марафонда ақ халатты абзал жандар да белсенділік танытуда. Олар жарысқа қатысушылардың қан қысымы және қандағы холестерин мен қант мөлшерін тексеріп жатыр.

Фарида Ибраева – «Денсаулық» жеке меншік комемерциялық емес мекемесінің бөлім меңгерушісі:

– Әр адам өз денсаулығына бей-жай қарамағаны дұрыс. Күнделікті дұрыс тамақтанып және спортпен шұғылдану арқылы жасыңызды ұзартасыз. Оған қоса белгілі бір уақытта ұйқыға жатуды әдетке айналдырған дұрыс.

Спорт күніне арналған марафонға жалпы 300-ге жуық теріскейлік қатысты.

Маржан Касымбек