Спорт

Спорт күні атап өтілді

Тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күні. Осыған орай бүгін Александр Винокуров Спорт сарайында сала мамандары марапатталды.

Түрлі дәрежедегі медальдар мен көздің жауын алатын кубоктар. Бұл – теріскейлік спортшылардың жеткен жетістіктерінің айғағы. Бүгін Александр Винокуров Спорт сарайында осы жүлделердің иелері ғана емес, олардың жаттықтырушылары да жиналған. Барша қауымды Спорт күнімен өңір жетекшісінің атынан орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары:

 – Спорт саласының қызметкерлері, бүгінгі салтанатты мәжіліс Спорт күні мерекесі қарсаңында өтуде. Келе жатқан мереке баршамызға құтты болсын.

Шарада алдымен еңбегімен ерекшеленген бапкерлер мен сала қызметкерлерінің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды. Олардың қатарында мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Дәурен Еслямов те бар.

Дәурен Еслямов, күрестен МБЖСМ қазақ күресі бойынша жаттықтырушы-оқытушысы:

 – Жерлестерімді Спорт күнімен құттықтаймын. Жастарға спортпен шұғылданыңдар дегім келеді. Ұнатқан саласында үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспін. Былтырғы жылғы жетістігіміз жаман емес. Өзіміздің оқушыларымыз Қазақстан жүлдегерлері атанып отыр. Болашаққа үлкен оймыыз бар. Жоспарларымыз бар.

Кейін, спорт саласында атқарған елеулі еңбегі үшін аудандағы спорт мекемелерінің басшыларына алғыс хат табысталды. Олардың қатарында Сергей Минин де бар. Азамат Ғ.Мүсірепов ауданының спорт бөліміне жетекшілік етеді. Бұл ауданнан халықаралық дәрежедегі 3 спорт шебері шыққан.

Сергей Минин, Ғ.Мүсірепов аудандық спорт бөлімінің басшысы:

– Ауданымызда спорттық дайындық орталығы бар. Бассеин мен хоккей корты да орнатылған. Бұл, әрине, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазірде бұл жұмыстар өз нәтижесін беруде. Ұл-қыздар ел біріншіліктерінде жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Тағы, биылғы жылдың спартакиадалық ойындардың қорытындысы бойынша қызылжарлықтар үздік атанды. Екінші орынды Ғ.Мүсірепов ауданының спортшылары иеленсе, үштікті шалақындықтар тұйықтады.
Шара мерекелік концертпен жалғасты.

 

 

Актолкын Солтанханкызы