Спорт

Петропавлда облыстық “Жаз-2019” сайысы өз мәресіне жетті

Бүгін шаһарда Спорт күніне орай стритболдан жарыс жалауын көтерді. Додаға 5 ауданнан және Петропавлда құрылған құрамалар қатысты. Барлығы – 70-ке жуық спортшы жиылды.

Дәл қазір алаңда – Тайынша және Петропавл қалаларының құрамалары. Ойынның ережесі бойынша, қыздарға берілген уақыт – 10 минут. Сайыстың алғашқы сәтінен бастап тайыншалық бұрымдылар шабуылға көшті. Сөйтіп, бірер минуттан кейін аталған команданың қоржынына алғашқы ұпай түсті. Дегенмен, петропавлдықтар да дес берер емес.

Тайыншалықтар басымдықты тағы да өз қолдарына алды. Олардың бұл спорт түрімен айналысып жүргендеріне 8 жыл болыпты. Сол себепті де, құрама жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Нәтижесінде, олар петропавлдық бұрымдылардан 8:6 есебімен басым түсті.

Дильназ Дүйсебаева – сайысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Мен стритболмен 8 жыл айналысамын. Бұл спорт түрі маған өте ұнайды. Әрдайым жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп тұрамын. Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қарсыластарымыз жақсы дайындықпен келген екен. Әсіресе, петропавлдық қыздарды жеңу оңайға түскен жоқ.

Стритбол – көше ойыны. Бірақ, ережесі баскетболға ұқсас екен. Көше баскетболының уақыты 10 минут немесе шеңберге салынған 21 ұпаймен өлшенеді. Осындай қызықты дода ұйымдастыру үшін 1 шеңбер мен 3 стритболшы жеткілікті екен.

Жалпы, жарыс ұлдар және қыздар арасында үш жас ерекшелігі бойынша ұйымдастырылуда.
Жылдан-жылға стритболға қызығушылық танытушылардың қатары артып, ойынның сапасы да жақсарып келеді дейді ұйымдастырушылар.

Михаил Дедов – «Барс» мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің диреторы:

– Жас-2019 сайысы мауысым айында басталған болатын. Оған өңіріміздің барлық аудандарынан 300-ге жуық спортшы қатысты. Енді, міне олардың арасынан ең мықтыларды іріктеп алдық. Сонымен, ақтық сында Шал ақын, Айыртау, Мамлют, Тайынша, Қызылжар аудандарынан әне петропавлдық құрамалар бақ сынасуда. Барлығы – 70-ке жуық стритболшы.

Сонымен, 15-17 жас аралығындағы бұрымдылардың нәтижесіне тоқталайық. Үздік үштікті қызылжарлық қыздар түйіндеді. Ал күміс жүлдені петропавлдық спортшылар қанжығаларына байласа, 1-ші орынға Тайынша командасы табан тіреді. Ал жігітер арасында Мамлют ауданының командасы қола медальді еншіледі. Екінші орында – айыртаулықтар. Басты жүлде петропавлдық жігіттерге бұйырды.

 

Ешкенова Дана