Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенаторлар Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралады

Депутаттық бақылау! Сенаторлар Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечинаның Солтүстік Қазақстандағы іс-сапары жалғасуда. Бүгін таңертең халық қалаулылары Петропавлдағы бірқатар құрылыс алаңын аралады. Бой көтеріп жатқан нысандардың сапасы депутаттардың көңілінен шықты.

Саят Ермек – тілші:

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша мұндай зәулім әрі әдемі баспана Петропавлда алғаш рет бой көтеріп отыр. Мұндағы 332 пәтердің барлығы “7-20-25” бағдарламасы бойынша бұқараға берілмек. Бүгінде пәтерлердің барлығы сатылып алынған. Тұрғындар қоныс тойын қыркүйектің басында тойлайды деп жоспарланып отыр.

Пәтерлердің жайлылығын сенаторлар өз көздерімен көрді, оң бағаларын берді. Сапаға қатысты сын жоқ, үйдің іші сыртқы келбетіне сай келеді. Дегенмен, қос депутатты қызықтырған бір сұрақ бар.

Сергей Тимофеевтің айтуынша құрылыс бойынша да, қаржыландыру бойынша да ешқандай проблема жоқ. Мердігер, тіпті, жоспардан алда келеді. Алайда, баспана тұрғындарын көлік тұрақтарының жетіспеушілігі болашақта толғандыруы мүмкін.

Ал бұл нысанның ашылуын күллі Петропавл жұртшылығы күтіп отыр. Сенаторлар “Достық Молл”-дың құрылысымен де танысты. Әзірге, жұмыстар 80 пайызға тәмам. Алып сауда және ойын-сауық орталығы жұмысын қыркүйектің аяғында бастайды деп жоспарланып отыр.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қаланың қақ ортасындағы бұл аумақта ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған, құрылысы аяқталмаған ұсқынсыз нысан тұрды. Бұл бәріміздің есімізде. Ақылды инвестордың арқасында мынадай жаңа ғимарат бой көтерді. Мұндай орталық көрші жатқан Көкшетау мен Ресейдегі Қорғанның өзінде жоқ.

Коммерциялық жоба болса да, сенаторлар мұндай орталық шаһарға керек деп санайды. Архитектуралық әдемілік былай тұрсын, ол бұқара үшін ыңғайлы болмақ. “Достық Молл”-дың директоры Мұхтар Игібаев бұл пікірді растайды. Сөзінше, мұнда қажеттінің барлығы табылады.

Мұхтар Игібаев – “Nord River” ЖШС директоры:

– Супермаркет те, киім дүкендері де, кинотеатр мен өзге де демалыс орындары болады. Бастысы, бүтін бір отбасы келіп, дем ала алады. Сондықтан, жобаның табысты болатынына еш күмән жоқ.

Ал екі аптадан соң, яғни қыркүйектің бірі 600 орынға шақталған мына білім ошағы оқушыларды қабылдайтын болады. Бүгінде парта-тақталар мен өзге де қажетті дүниелер орнатылып жатыр. Бұл мектеп – айта кетейін, Береке ықшам ауданы тұрғындарының орындалған арманы.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 – Береке бой көтере бастағанда бірқатар проблемалар болды. Солардың бірі – мектептің жоқтығы. Бүгінде түйіткіл шешімін тауып отыр. Бастысы, білім ошағы уақытылы тапсырылады, құрылыс та сапалы жүргізілген.

Құрылысы аяқталып жатқан жаңа Солнечный 2 кентінің жағдайы қандай? Осыны білмекке депутаттар мұнда да бас сұқты. 212 жер үй болашақ қожайындарын күтіп тұр. Бақша өсіремін десең, 10 соттық жер де бар. Су құбырлары жалғанған, ал электр желілері тартылуда. Баспана мемлекеттік бағдарламамен беріледі. Шаршы метрінің құны – 120 мың теңге. Қазірдің өзінде 10-нан астам жерлесіміз ипотека рәсімдеп жатыр. Алайда, шаһардан бірнеше шақырымда орналасқан ауылдың жолы не болмақ? Петропавл әкімі бар жағдайды жасап береміз деді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл енді асфальт болмайды, ал ендігі жылы бюджеттің шамасына қарай қарастырамыз. Автобус маршруты дайын, аялдамалары қойылған. Бұл мәселе шешілген.

Тұрғындар қоныстана бастағанда ауылда азық-түлік дүкені мен шаштараз да ашылады деп сендірді қала басшысы. Қысқасы нысандардың барлығы депутаттық бақылаудан сүрінбей өтті. Сенаторларды, әсіресе, мердігерлердің жауапкершілігі қуантты.

“Радуга” компаниясындағы сұйық сабын өндірісі бұл. Ал жуырда қатты сабын шығару да жолға қойылмақ. Сенаторлар өніммен танысты, иіскеп те көрді. Мұндай зауыт Қазақстан түгілі, посткеңестік елдерде жоқ. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, жартылай фабрикаттар – серіктестік 500-ден астам өнім түрін шығарады.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Осындай кәсіпорындар ашылса, біздің экономикаға бұл үлкен қолдау болады, халыққа қолдау болады. Мынаны қытайдан алғанша, өзімізде жасаған дұрыс. Өнімнің бағасы Қытайдікіне қарағанда төмен.

Ал былтыр “Радуга”-ның индустриалдық аймағында көкөніс қоймасы салынды. Қазір мұнда тұрақтандыру қоры өз өнімдерін сақтайды. Жуырда азық-түлік көтерме-үлестіру логистикалық орталығы қолданысқа берілмек. Мұндағы қоймаларды жергілікті кәсіпкерлер жалға алатын болады. Осының арқасында халыққа ең қажетті деген азық-түліктің бағасы біршама төмендемек.

 

 

Саят Ермек