Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО диқандары дәл егіншілік технологиясымен танысты

Өңір аграрийлері бүгін Аққайың ауданында бас қосты. Дәстүрлі Дала күнінде диқандар дәл егіншілік технологиясымен танысты. Дрондар, метеостанциялар мен тыңайтқыш себуші техниканы қолданудың арқасында көл-көсір өнімге қол жеткізуге болады.

Жылына екі рет теріскей диқандары осылай бас қосады. Көктемде – егістік науқаны басталарда және күзде – орақ науқаны жақындаған кезде. Кезекті Дала күні дәл егіншілік технологиясына арналып отыр. Өз тәжірибесімен Қазақ агротехникалық университетінің өкілдері бөлісуде. Биыл оқу орны өңірдегі ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасына қайта жан бітірген.

Ақылбек Күрішбаев – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Биыл 2700 га алқапта дәл егіншілік технологиясын ендірдік. Бидай ғана емес, күнбағыс, соя, арпа мен жүгеріні де өсіріп жатырмыз. Қытай мен Америкадан алған тәжірибемізді қолданып, оны Солтүстік Қазақстанның климаты мен топырағына бейімдеу үстіндеміз.

Бұл алқап – дәл егіншіліктің нәтижесі. Бойы белден асатын алтын дән тың технологиялар мен заманауи қондырғылардың көмегімен өсірілген екен. Ақылбек Күрішбаев бұл танаптың әр гектары 30 центнерден артық өнім береді деп отыр. Бірақ, мұндай нәтижеге қалай қол жеткізуге болады?

Әуеге көтерілген дрон – дәл егіншілікте таптырмас құрал. Ол жердің нақты әрі жан-жақты картасын жасайды. Қай алқапқа қандай дақыл егілген, қай учаскеде арамшөп қаулаған, ал қай жерде өсімдік аурулары бас көтергелі тұр? Құлтемір қажетті ақпардың бәрін береді.

Фараби Ермеков – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультетінің деканы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Дрондар мен ұшқышсыз ұшақтарда қарапайым оптикалық камера, мультиспектралдық камера, тепловизор мен лазерлік сканер орнатылған. Осының арқасында жердің 3Д моделін жасауға болады.

Тағы бір көмекші – метеостанциялар. Олар топырақтағы ылғал мөлшері мен оның температурасын анықтайды. Одан қалды, жауын-шашынды, ауа температурасындағы өзгерістерді де болжайды. Бұл жерге дән сіңіретін кез келген шаруаға қажет дүние дейді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұрын агрономдар, әсіресе аға буын өкілдері, егістік науқанын бастау уақытын жерді қолмен ұстап білетін. Бірақ, бұл – кеңестік кезеңнен қалған ескі әдіс. Қазір біз автоматикаға сүйенуіміз керек. Диқандарға егісті қашан бастау керектігін бізге осындай қондырғылар көрсетуі тиіс.

Гербцидтер – бұл танаптағы арамшөпті құртатын химия. Бірақ, оның дақыл үшін де зиянды екенін шаруалардың дені ескере бермейді. Сондықтан, улы затты күллі алқапқа төге салады. Осы орайда дәл егіншілік технологиясы көмекке келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Гербицидтерді тек арамшөптерге ғана төгуіміз керек. Өзіміз көріп отырмыз, қазір мұндай техника жететін. Химияны астыққа шашуға болмайды. Өйткені, бұл өнімділікке кері әсер етпей қоймайды.

Негізі, теріскейдің топырағы құнарлы. Бірақ, бұған қарамастан жыл сайын әр гектардың орташа өнімділігін 15-16 центнерден асыра алмай келеміз. Өйткені, шаруалар алқаптарына немқұрайлы қарайды дейді Агротехникалық университет профессоры Валентина Черненок. Сөзінше, минералдық тыңайтқыштарды жерге енгізуде де дәлдік қажет.

Валентина Черненок – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Сұрып қаншалықты жақсы болмасын, егер ол құнарсыз жерге егілсе, ешқашан мол өнім бермейді. Сондықтан, жерді дұрыс тыңайту керек. Әр дақыл үшін минералдық тыңайтқыштардың ең оңтайлы дозасы бар. Бірақ, оны ешкім білмейді. Қалағанша себе береді, себе береді. Ал ғылым дәлдікті қажет етеді.

Міне, дәл егіншілік технологиясының игілігі осындай. Бірақ, көп диқандардың оны пайдаланарлық қаржылай мүмкіндігі жоқ. Технология қымбатқа түседі. Мемлекет көмектесуге дайын. Өйткені, қамбаларымыз астыққа молынан толсын десек, мұнсыз болмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Біздің облысымыздың жерлері – Қазақстандағы ең құнарлы жерлер. Оны біз үнемі айтып отырамыз. Бұл жерде міндетті түрде жыл сайын жақсы өнім алуымыз керек. Біраз потенциалымыз бар, бірақ осы птенциалымызды біз әлі де толығымен пайдаланып отырған жоқпыз.

Қанша дегенмен, ақырын жүріп, анық басып кей шаруашылықтар заман игілігіктеріне бет бұрып келеді. 120 солтүстікқазақстандық агроқұрылымда бүгінде цифрлық технологиялар ендірілген. Бірақ, бұл аздық етеді дейді облыс әкімі. Жаңа деңгейге шығамын дейтіндерге тәжірибелік станция мамандары қуана көмектеспек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Біраз өзгерістерді енгізу керекпіз, оқу керекпіз. Өзгерістерді енгізу үшін біз оларға дайын болуымыз керек, біріншіден. Сол себепті, осы үлкен жұмыстың басында тұрмыз. Нәтижел жұмыс болады деп сенеміз. Келесі жылдан бастап бірнеше аудандарда цифрландыру элементтерін енгізуге біз дайынбыз.

Саят Ермек