Құқық қорғау органдары

“Пәтер” жедел алдын алу шарасы өтті

Өңір полицейлері 3 күн қатарынан “Пәтер” жедел алдын алу шарасын өткізді. Оған 250-ден аса тәртіп сақшысы қатысқан. Мамандар акция аясында 65 тұрғын үйді аралап, теріскейліктерге қауіпсіздік ережелерін еске салған.

Тәртіп сақшылары екі күннің ішінде бұрын жасалған 3 ұрлықты әшкерелеген. Оған қоса 13 жедел іздестіру тобы 65  мүлікті сатып алу және сату орнын тексеріп, тоналған заттарды саудалайтын 5 адамды анықтапты. Олардың барлығы есепке қойылған. Жалпы, жыл басынан бері облыста 721 пәтер ұрлығы тіркелген екен. “Сақтансаң, сақтаймын” демекші, мамандар тұрғындарға сақтықты күшейту қажеттігін еске салды.

Мадияр Хәріпов – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Пәтер ұрлықтары күндіз үй иелері үйлерінде болмағанда және жол жүріп кеткен уақытта жасалады. Пәтер ұрлаушылар құлыптарды бұзып және оған ұқсас кілттермен ашып, үйге кіріп, мүліктерін ұрлап кетеді. Осындай фактілерді болдырмау үшін азаматтарға айта кететініміз: өздерінің үйлеріне дабыл орнатқыш орнатып және бейнебақылау орнатуға кеңес береміз.

Терезедегі торлар, жарық индикаторлары бар датчиктер мен кіре берістердегі бейнебақылау камералары. Полицейлердің сөзінше, талдау нәтижелері бойынша аталған заттар пәтер ұрыларына айтарлықтай кедергі көрсетпейтін көрінеді. Оған қоса, тәртіп сақшылары тұрғындарға әлеуметтік желілерде алдағы демалыс туралы жоспары және фотосуреттермен бөліспеуді ұсынады. Ақпаратты көрген тонаушылар туындаған мүмкіндікті өз пайдасына жаратып кетуі әбден мүмкін екен.

 

 

Маржан Касымбек