Қоғам

Мемлекеттік қызметті онлайн түрде алу

Соңғы жарты жылдың ішінде облыс тұрғындарына 1,5 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның жартысынан астамы электронды түрде болса, 33 пайызы – қағаз және 3 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы жасалған.

Бүгінде «Қазпошта» акционерлік қоғамы халыққа көрсетілетін қызметтерді түгелдей электрондық форматқа көшірген. Яғни, салықтық төлемдерден бастап курьерлік жеткізуге дейін онлай түрде жүзеге асырылады.

Жанна Омарова – «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Өңір тұрғындары орталықта атқарылатын қызметтердің барлығына онлайн жүйесі арқылы қол жеткізе алады. Мысалы, курьерлік жеткізу, гибридтік пошта, жабық хаттар, коммуналдық және салықтық төлемдер. Осы аталған қызметтерді 24 сағат бойы кез келген уақытта және кез келген жерде атқаруға болады. Ол үшін ешқандай арнайы құрылғы қажет емес. Тек смартфон немесе компьютер ғана керек.

Облыста электрондық қызметті пайдаланушылардың саны күн сайын артып келеді. Сол себепті, мемлекеттік органдар да оны дамыту үстінде.

Азамат Байтеміров – СҚО әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер бөлімінің меңгерушісі:

– Үстіміздегі жылы электронды түрде көрсетілген қызметтер былтырғыға қарағанда 1,5 есеге көп, яғни 2018 жылы 604 мың болса, биыл ол шамамен 957 мыңды құрады. Ал 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есеге көп. Қазіргі күнде облыс бойынша жаңа электронды қызмет түрлері енгізілуде. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін барлық ауылдық округтерде «Connection Рoint» бұрышы орнатылған. Онда әркім өз елді мекенінен шықпай-ақ мемлекеттік қызметке қол жеткізе алады.

Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жағынан солтүстік өңір басқа облыстарға қарағанда 3 жыл қатарынан көш бастап келеді.

Бердимурат Баймухан