ТЖ

М.Жұмабаев ауданында жанармай құйылған автоцистерна өртке оранды

Мағжан Жұмабаев ауданында жанармай құйылған екі бірдей көлік жанып кетті. Кеше Қарақоға ауылы маңындағы «Жигалова Карагугинское» шаруа қожалының аумағындағы жанармай базасында өрт шыққан.

Бұл туралы хабар өрт сөндірушілерге сағат 2-ден 51 минут кеткенде түскен. Тілсіз жауды ауыздықтауға 26 маман мен 7 техника жұмылдырылыпты. От шаруашылықтың жанармай базасында КАМАЗ автоцистернасынан дизель отынын ағызу кезінде шыққан. Қатты жел өртті өршітіп, қасында тұрған ГАЗ-53 көлігін де шарпиды. Салдарынан екі машина да жанып кеткен. Мамандар қызыл жалынмен шамамен 2,5 сағаттай алысып, сағат 5-тен 39 минут кеткенде ауыздықтайды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Әзірше, өрттің шығу себебі мен материалдық шығын мөлшері белгісіз.

Ешкенова Дана