Ауыл шаруашылығы

“Шатило и К” ЖШС күздік бидай өнімділігінің рекордын орнатты

Жаңа рекорд! Жамбыл ауданындағы “Шатило и К” серіктестігі күздік бидай алқаптарының 1 гектарынан 71 жарым центнерге дейін өнім алды. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

«Шатило и К» серіктестігінің қарамағында 34 мың гектар танап бар. Биыл алқаптардың 23 мың гектарына – дәнді, 10 мыңына майлы дақылдар сіңіріліпті. Ал 780 гектарға күздік бидай еккен шаруашылық биыл ел бойынша рекордтық өнім жинап отыр.

Олег Адам, «Шатило и К» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– 100 гектар алқаптың әр гектарынан шамамен 71 жарым центнерден жинадық. Кей алқаптарда өнімділік 50 центнерді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Орташа көрсеткіш – 38 центнер. Тамыздың 15-інен кейін күзгі бидайды қайта себу жұмыстарын бастаймыз. Биыл 1500 гектарға егу жоспарда бар. Кейін ол қыс бойы қар астында жатады. Өнімді келесі жылы осы уақытта орамыз.

Серіктестік тек қана күзгі бидай егумен шектеліп қалмаған. Мұндағы алқаптарда соя, арпа, жасымық сынды дақылдар да жетілу үстінде. Ал былтыр шаруашылық алғаш рет күзгі қара бидайды 284 гектар жерге сіңірген. Бүгінде ол орылып жатыр. Танап басында 10 “CLAAS” және 7 “Вектор” комбайны жүр.

Олег Адам, «Шатило и К» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Техникамыз жаңа. Оларға электронды жүйе енгізілген. Мәселен, комбайн астыққа толған кезде түрлі түсті жарық жанады. Астықтың қанша жиналғаны да экраннан көрініп тұрады. Есептен жаңылмайсың.

Айта кетейік, «Шатило и К» – күзгі бидай егумен айналысатын Жамбыл ауданындағы жалғыз агроқұрылым. Жиын-терімді шаруашылық қыркүйектің аяғында тәмамдауды жоспарлап отыр. Негізі, ауданда 5 ірі серіктестік жұмыс істейді. Көрсеткіштер бойынша олардың бәрі өңірде көш ілгері.

 

 

Саят Ермек