Қоғам

Митрополит Александр “Қызылжар” орталық мешітінде болды

Дінаралық ынтымақтастық! Петропавлға ат басын бұрған елдегі орыс православие шіркеуінің басшысы митрополит Александр “Қызылжар” орталық мешітінде болды. Мейман  бас имам Кенжетай қажымен жүздесіп, мұсылмандарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады.

Бұл – Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Петропавлға алғашқы сапары емес, әрине. Алайда, жергілікті орталық мешіт табалдырығын ол бірінші рет аттап отыр. Себеп маңызды. Мұсылман жамағатын қасиетті мейраммен құттықтау.

Елдегі орыс православие шіркеуінің басшысы құттықтаудан бөлек шағын сый-сыяпатын да ала келген.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Құрбан айтында арнайы келіп, құттықтап жатқаныңызға мың алғыс. Алланың үйіне ат басын бұрғаныңызға қуаныштымыз. Осы сынды жүздесулер жалғасын тапса игі болады.

Митрополит те мұндай кездесулер қос конфессия арасындағы әріптестік қана емес, бұқара арасындағы рухани байланысты да нығайта түседі деп санайды.

Александр – Астана және Қазақстан митрополиті:

– Біздің киелі жерімізде алуан түрлі дін өкілдері ұзақ жылдар бойы бейбітшілікте өмір сүріп келеді. Мәңгілік солай болады деп сенеміз. Өйткені, Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сондықтан, бұл татулық ел экономикасының да алға жылжуына ықпал етеді.

Бұдан өзге Петропавлға митрополит Александр Иерусалим шаһарынан барша христиандар үшін қасиетті саналатын крестті әкелген екен. Ол қалада ертеңге дейін болады.

 

Саят Ермек