Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір әкімдігі 7 айды қорытындылады

4 аудан атқамінерінің соңғы жарты жылдағы жұмысына аймақ басшысының көңілі толмаған. Шаруаны тындырмай, тапсырманы орындамайтын әкімдерді Құмар Ақсақалов жеке бақылауыма аламын деді. Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірдің қаңтар мен шілде аралығындағы дамуы туралы айтылды.

Сөз жоқ, алғашқы жартыжылдықтағы өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштер көңіл қуантарлық болды. Құмар Ақсақалов бұл оң динамиканы жыл соңына дейін сақтап қалуымыз қажет дейді. Ол үшін ай сайын анализ жасап отыру қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ай сайын даму көрсеткіштерін бағамдап отыратын боламыз. Мәселен, жартыжылдықтың көрсеткіштерімен салыстырғанда 7-ші айда төмендеу байқалса, бұл әкімдердің, басқарма басшыларының жұмысында ақаудың бар екенін көрсетеді. Осыны сараптап, артта қалған салаларды ілгерілетіп отыруымыз керек.

Мінберден сөз алған аймақ жетекшісінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің сөзінше, 7 айда экономика түзеуші негізгі салаларда айтарлықтай кемшіліктер жоқ. Облыс баяғыдай алға басып келеді.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Негізгі капиталға инвестиция көлемі – 13,2 процент, тұрғын үй енгізу – 9, өнеркәсіп өндірісі – 1,6, бөлшек сауда – 3,5 процент, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі – 2, құрылыс жұмыстарының көлемі -0,6 процентке ұлғайды.

Бірақ, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дейді ғой. Жалпы, сандар жақсы болғанымен, бөлек-бөлек салаларда кей аудандар күллі облысты артқа тартып отыр. Мәселен, өнеркәсіптегі көрсеткіштерді түсіріп алған Жамбыл ауданы сәуірден бері ақсап келеді. Есілде “Әулие голд Майнинг” жарты жыл бойы жұмыс істемей тұр, Айыртауда құрылыс тасының өндірісі 8,3 пайызға кеміген. Салдарынан бұл қос ауданда кен өндірісінің қарқыны төмендепті. Бұл жергілікті атқамінерлер тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығы деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаңтар мен маусым айлары аралығында Мамлют, Есіл, Жамбыл және Шал ақын аудандарын басқарып отырған әкімдердің жұмысына көңілім толмады. Атқамінерлер тиісті ескертулерін алды. Жағдайды түзету үшін олар не істеп жатыр? Бұл әкімдердің жұмысы енді менің қатаң бақылауымда болады.

Жыл басынан бері 8 мың жұмыс орны құрылған өлкеде. 18 мыңға жуық жерлесіміз еңбекпен қамтылыпты. Соңғы 6 айдағы орташа жалақы теріскей бойынша 121 мың теңгеден сәл асады. Баяғыдай Петропавл мен Қызылжар ауданы көш басында. Ал бірқатар аудандардағы халықтың орташа табысы 100-мыңға да жетпейді.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Уәлиханов ауданындағы орташа жалақы – 95 мыңнан, Шал ақында 98 мың теңгеден сәл асады.

Ауылдағы ағайынның көбі агроқұрылымдарда жұмыс істейді. Еңбеккерлерінің жағдайын жақсарту үшін аграрийлерге “жалақыны өсіріңдер” деп тапсырма берілген болатын. Бірақ, кейбіреулері айлықты арттыру былай тұрсын, шаруашылықта кәсіподақ ұйымын құрып, жұмысшыларымен ұжымдық келісім шартқа отырғылары келмейді. Аудан әкімдері де мәселені маңызды санамайтын көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– М. Жұмабаев ауданында 25 ірі агроқұрылым жұмыс істейді. 11-інде ғана ұжымдық келісім шарт бар, кәсіподақ ұйымы құрылған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Яғни, басқа шаруашылық басшылары ойларына келгенін істейді деген сөз.

Қатардағы жұмысшылардың жалақысы орақ науқаны басталғанша дейін артуы тиіс. Құмар Ақсақалов осылай қадап айтты. Ал орақ науқанының ауылы алыс емес. Ала жаздай өсірілген егінді оруға әзірлік қалай жүріп жатыр? Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың айтуынша проблема жоқ. Жанар-жағармай уақытылы, тиісті көлемде үлестіріліп жатыр. Ал элеваторлардың басым бөлігі лицензияларын алып, алтын дәнді қабылдауға дайын отыр.

 

 

Саят Ермек