Спорт

Түлектер кездесуі

20 жылдан кейінгі кездесу. Кезінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің дене шынықтыру факультетінде оқыған маман иелері қайта жүздесті.

Іргелі білімнің кірпішін нық қалап оқу ордасында 4 жыл тынбай ізденген шәкірттер үшін бұл тарихи мезет. Қазір түлектер оқуға түсер алдында тапсырған емтихандарын 20 жыл бұрын жетекшілік еткен кураторларының алдында қайта тапсыруда. Олар сол кездегі нормативтерді орындап жатыр.

Түлектер бір орыннан қашықтыққа секіру, турникке тартылу, 100 метрге жылдамдықпен жүгіру сынды спорттық нормативтерді орындап жатыр. Бұл түлектерге бір сәтке студенттік шақтарын еске салғандай. Себебі, мамандар университет қабырғасында жүріп, талай жарыстарға қатысқан болатын. Қазір арада 20 жыл өттті. Дегенмен, бәсекелерде әлі де бағын сынап жүргендер бар.

Дмитрий Лобунец, №32 орта мектебінің дене шынықтырыру пәні мұғалімі:

– Мектепте жұмыс жасап жүргеніме 20 жылдан асыпты. Осы салаға ұстазымның кеңесімен бардым. Себебі, мектеп кезімнен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Қазір марафондарға да қатысып тұрамын. Жуырда 42 шақырымды еңсердім.

Іргелі оқу орнын 1999 жылы тәмамдағандар арасында өз кәсібін ашқан азаматтар да бар. Степан Костылев студенттік шағын ыстық ықыласпен еске алады.

Степан Костылев, жеке кәсіпкер:

– Студенттік кезімде Жеңіс саябағында дайындалатынмын. Ол кезде жарысқа қатысушылардың да саны көп, бәсекелестік те мықты болатын. Қазір басқа салада жұмыс істеп жүрсем де спорттан алыстаған емеспін. Бүгінгі кездесу 4 жыл бойы бірге оқып, 20 жыл көріспеген жандарды бір жерге тоғыстырды.

Жиын соңында емтиханда жақсы нәтиже көрсеткендерге мақтау қағаздары мен кубок табысталды.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы