Спорт

Прокурорлар арасында футболдан сайыс өтті

Петропавлда прокурорлар арасында футболдан сайыс өтті. Бұл додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған қадағалау органының қызметкерлері қатысты. Олар 4 командаға бөлініп, өзара мықтыны анықтады.

Прокуратура қызметкерлері аяқдоптан сайыс ұйымдастыруды жыл сайынғы дәстүрге айналдырған. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыс прокуроры Бағбан Таймбетов ойыншыларға сәттілік тіледі.

Бағбан Таймбетов, СҚО прокуроры:

– Бүгінгі жарыста табыс пен әділдік тілеймін. Мықты команда жеңіске жетсін. Елбасымыз Н.Назарбаевтың үндеуімен бұқаралық спортты өрбіту, өсіру жолға қойылған.

Тартысты бәсекеге теріскейліктерден өзге Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарының прокуратура қызметкерлері қатысты.

Еркебұлан Айтбаев, Қостанай облысының прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

– Қостанай облысы прокуратурасынан аталған турнирге 10 қызметкер болып келдік. Биыл Петропавл қаласына осымен 2-ші рет келіп тұрымыз. Жалпы, турнирге дайындық жақсы. Жеңіске жетеміз деп ойлаймыз.

Қатысушылар 4 командаға бөлініп, айналма жүйесі бойынша ойынды бастап кетті. Шаршы алаңда – Қарағанды мен Қостанай облыстарының шенділері. Қадағалау органының қызметкерлері бұл сайысқа үлкен дайындықпен келіпті. Барлығының спортқа деген ептілігі, ширақтығы байқалып-ақ тұр.

Егор Поляков, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

– Жарысқа жақсы дайындалдық деп сеніммен айта аламын. Былтыр осы сайыста жеңімпаз атанған болатынбыз. Бүгін сол нәтижені қайталаймыз деген үміттемін.

Жеңімпаз атанған команда тамыздың 23-24 күндері Нұр-Сұлтан қаласында прокурорлар арасында өтетін ақтық сында бақ сынайды. Олар Қазақстан Республикасы Бас прокурорының кубогын тартысқа салады.

Бердимурат Баймухан