Ауыл шаруашылығы

Сүттің сапасы – назарда

Басты назарда – сүттің сапасы. 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап жеке меншік қосалқы шаруашылықтарға қойылатын талаптар қатаңдатылады. Тақырып кәсіпкерлерге арналған жиында талқылынды. Қазір отандық кәсіпорындарға шикізат ретінде түсетін ақтың жартысына жуығы Кедендік одақтың регламентіне сай келмей отырған көрінеді.

Күні бойы көкте жүрген сиырдың ағы ағзаға пайдалы. Ал жаңа сауылған сүт ауылда артығымен бар. Сондықтан, өнімді көбі өткізіп, пайда табады. Мәселен, елдегі сүт зауыттарының 70 пайызы шикізатты бұқарадан жинайды. Бірақ, оның қауіпті еместігіне кім кепіл? Мәселен, сауын сиырға антибиотиктер егілген болса, препараттар міндетті түрде оның сүтінде де болады екен.

Сәуле Жанкина, Қазақстан Сүт одағының жоба жетекшісі:

– Антибиотиктерді сүт құрамынан қайнатып та, тазартып та шығаруға болмайды. Олар жинала береді. Мәселен, бір ауылда ірі қарада дерматит табылыпты. Тұрғындар малға жаппай антибиотиктерді еге бастаған. Осылай, білмегендіктен шикізатты бүлдіріп алған.

Сондықтан, құрамына Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей елдері кіретін Кедендік одақтың техникалық регламенттері мұндай сүтке тыйым салады. Өйткені, ол адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Негізі, ел бойынша ауылдағы ағайыннан сатып алынып, зауыттарға жөнелтілетін сүттің жартысы Кедендік одақ талаптарына сай келмейтін көрінеді. Сондықтан, шикізаттың сапасын отандық Сүт одағы енді жіті қадағалайтын болады. Тіпті, арнайы жол картасын да әзірлепті.

Владимир Кожевников, Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры:

-Шикізаттың тазалығын қамтамасыз ету – бұл сүт өңдеу саласындағы ең басты талаптардың бірі. Осы сектордағы проблемаларды шешу үшін Кедендік одақ Қазақстанға 2020 жылдың 1-ші қаңтарына дейін уақыт берген болатын. Егер сүт тиісті регламенттерге сай келмесе, зауыттар оны халықтан қабылдай алмайтын болады.

Ақ қабылданбаса, қос тарапқа да қиын болатыны түсінікті. Өйткені, өндіріс орындары шикізатсыз, ал ауылдықтар нәпақасыз қалады. Мысал үшін, бүгінде 2 млн-ға жуық қазақстандық сүт өткізумен айналысады екен. Жұмыс жоқ кей ауылдарда бұл -жұртшылықтың жалғыз табыс көзі. Одан айырылып қалмас үшін не істеу керек? Бірнеше қарапайым ережелерді сақтау керек.

Владимир Кожевников, Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры:

– Көбі сиыр сүтін пластмасс шелекке саууға болмайтын білмейді. Өйткені, онда бактериялар жиналады. Салдарынан сүт сапасынан айырылады. Әрі малды таза ұстау керек, дұрыс қоректендіру керек. Сүтті тасымалдау мен сақтауға да көңіл бөлу шарт.

Талаптардың барлығы түсіндіріледі дейді отандық Сүт одағының атқарушы директоры. Қыркүйек айында әр облысқа арнайы сарапшылар келеді. Олар жұртшылықты қағидалардан құлағдар етумен айналысатын болады. Айта кетейін, азаматтар ережелерді интернет иірімдерінен де іздеп, біле алады.

Инна Пунда – БҰҰ ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымының маманы:

– Ютуб порталында «Смарт Сүт» деп терсеңіз, мультфильм шығады. Мұнда барлық ережелер қарапайым тілмен түсіндірілген. Бұқараға мәселеге мұқият қарауға кеңес береміз. Өйтпесе, келер жылдың басында қатардағы халық та, кәсіпорындар да опық жеп қалуы мүмкін.

Бірақ, бұл жерде тағы бір проблеманың пайда болуы ғажап емес. Сүтін зауыт қабылдамағандар өнімді базарлар мен көшелерде саудалай бастауы мүмкін. Қазірдің өзінде қазақтандықтардың 3/1 ақты осындай заңсыз сауда орындарынан алады екен.

Маржан Касымбек