Құқық қорғау органдары

Мамлютка қаласында әйел мен оның 3 жасар қызын өлтіріп кетті

Мамлютка қаласында жан түршіктірерлік оқиға орын алды. Тамыздың 8-і күні шаһардағы үйлердің бірінің қорасынан 39 жастағы әйел мен оның 3 жасар қызының мәйіттері табылды. Қылмыскер оларды пышақтап өлтіріп, бірден ізін суытқан. Ал марқұмдардың жансыз денелерін учаскелік полицей кешкі сағат 10-дар шамасында анықтайды.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы жігіт құрықталды. Ол марқұмның танысы екен. Күдікті өз кінәсін мойындаған көрінеді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиғаның орын алуына тұрмыстық кикілжің себеп болған. Жігіт бұған дейін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Тәртіп сақшылары оны Петропавл қаласында ұстаған.

Нұрбек Баекин – облыстық ПД баспасөз қызметінің бас маманы:

– Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 99-шы бабының 2-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ұсталған азамат Мамлют аудандық полиция бөлімінің уақытша тергеу изоляторына қамалды.

 

Саят Ермек