МТРА жаңалықтары

Gosreestr.kz сайтындағы сауда алаңы

80 теңгеге – теледидар! 1 млн-ға – көлік. Бұл жеңілдік немесе науқан емес. Госреестр сайтын білетін жандар үшін дүкен аралаудың қажеті жоқ. Барлығын электрондық сауда алаңынан табуға болады.

Құрылысы аяқталмаған баспана, трактор, жеңіл көліктердің түр-түрі, қара металл мен дизельдік отын. Gosreestr.kz сайтындағы сауда алаңынан не ғана таппайсың. Бірінің күйі жарамды, енді бірін тек бөлшектеуге мүмкіндік бар. Қалай болғанда да сатылымға қойылған заттардың иелері әрдайым табылып жатады. Мәселен, СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мамандары алғашқы жартыжылдықта 25 бірлік машина, 1 гараж бен теледидар сатыпты. Осылайша, ел бюджетіне қомақты қаржы – 20 млн теңгені аударған. Енді нақтылайтын болсақ.

Ринат Низамов – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Бағаны көтеру әдісімен 8 автокөлік сатылды. Барлығы 7,5 млн теңгеге, ал төмендету әдісімен 17 көлік 11,5 млн-ға саудаланды. Сатылған автокөліктердің көпшілігі 2000-2010 жылдары шығарылған. Яғни, 10-20 жыл аралығында қолданыста болған.

Бұл көліктерді осыған дейін мемлекеттік орган мамандары тізгіндепті. Машиналар өз қызметін орындап болғаннан кейін темір тұлпарлар аукционға шығарылған. Gosreestr.kz сайтындағы сауда алаңының ережелері қарапайым. Электронды цирлы қолтаңба көмегімен тіркелген кез келген жан қажет деп тапқан дүниесін ала алады. Ең бірінші сатылымда қалаған затқа көбірек ақша ұсынған адам қол жеткізеді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бірақ, тұрғындарға ұсынылғандардың барлығы бірдей  бірден өз иелерін таппайды. Сондықтан, екінші рет аукционға қойылады. Мұнда оның тек жарты бағасын төлеуге болады. Яғни, сатылым сағат таңғы 10-да басталады. 2 минут сайын лоттың құны 5 пайызға төмендейді. Тауар саудадан тағы да қайтатын болса, оны бар-жоғы 1-тг-ге дейін сатып алу мүмкіндігі бар екен. Мамандардың сөзінше, әлі мұндай жағдай кездеспеген.

Соңғы өткізілген аукционда төмен бағаға кеткен заттардың бірі – ескі, бірақ жарамды теледидар. Ол алғашында 20 мыңға қойылыпты. Алайда, иесі үшінші мәрте өткізілген сатылымда ғана табылған. Петропавл тұрғыны тауар құнының 80 тг-ге дейін төмендегенін күткен көрінеді. Осылайша, сәтті сауда жасағандар аз емес. Қалаған дүниелеріне қол жеткізу үшін Көкшетау, Павлодар, Өскемен, тіпті Шымкент пен Ақтаудың азаматтары да ат терлетіп теріскейге келеді екен. Бұл – департамент мамандарымен атқарылатын жұмыстың тек бір бөлігі. Қызметкерлер республикалық меншіктегі бос нысандарды жалға беру шаруасына да жауапты. Бұл ретте бизнес өкілдерінің құлағына алтын сырға!

Ринат Низамов – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– СҚМУ асхана үй-жайларын мүліктік жалға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. №3,4,5,6,10 оқу корпустарындағы және жүзу бассейніндегі асханаларды мүліктік жалға беру электронды тендер арқылы ағымдағы жылдың 13 және 22 тамызында өткізіледі.

Gosreestr.kz сайтынан әдетте шоколад пен ішімдікті те табуға болады. Порталдың тұрақты клиенттері мұны жақсы біледі. Бірақ, жыл басынан ерекше лоттар кезікпепті. Есесіне, сатылымға балаларға арналған электромобиль, ойын автоматы мен темір тұлпарлар қойылған. Бұлардың барлығы – заңсыз айналымнан тәркіленген дүниелер. Тәркіленген тауарларды алдымен мамандар заңды тұлғаларға ұсынады екен. Ойын автоматтары оларды қызықтырмағанымен, тегін автокөлік қажет-ақ.

Далабай Қабдуалиев – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– Биылдыққа біз Мамлют пен Уәлиханов аудандарының әкімдігіне бір бірлік техникадан тапсырдық. 56 дана киімді балалар үйіне өткіздік. Ал тамыз айында тағы бір бірлік темір тұлпарды Тайынша ауданының полиция бөлімшесіне тапсырып жатырмыз.

Ал іске жаратылмаған 12 бірлік автокөлік аукционға шығарылыпты. Олардың барлығы 8 млн 876 мың теңгеге саудаланған. Заңсыз тасымалмен айналысқан немесе қылмысқа барған жандардың жеке мүліктері осылайша электрондық сатылымға шығарылады.

Далабай Қабдуалиев – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– Өткен жылы 23 мың келі битум тапсырылды. Оны біз 3 млн теңгеге бағаладық. Электрондық сату кезінде ол 800 мыңға сатылды. Биыл да 39 тонна битум қабылданды. Қазір бағаланып, сатылымға қойылды.

Құрылыс материалын тиімді бағаға сатып аламын дегендер болса, келесі аукцион тамыздың 16-сы және 22-сі күндері өткізіледі.

 

Эльмира Садвокасова