Қоғам

Қаладағы автобустарда жолақыны QR-код арқылы төлеуге болады

Оңай әрі жылдам! Петропавлдағы қоғамдық көліктерге QR-код арқылы төлеу жүйесі енгізіле бастады. Бұл – әзірге, пилоттық жоба. Жол ақысын электрондық әдіспен өтеу барысын көріп, жолаушылардың бұл жөніндегі пікірін әріптесім.

Бұл – “4А” автобусының ішінде орналасқан QR-кодтар. Енді осындай бегілерді аталған бағытта қатынайтын қоғамдық көліктердің барлығында кездестіруге болады. Себебі, бүгіннен бастап тұрғындар жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлей алады. Ол үшін ұялы телефонда Халық немесе Хоум банкінің мобильдік қосымшасы болуы керек. Кейін құрылғының камерасын қосып, автобустағы QR-код-ты суретке түсірсеңіз жеткілікті. Бірер секундтан соң экранға билеттің өзі де шығады. Онда төленген сома, билеттің нөмірі және қандай транспорт екені жазылып тұрады. Тіпті, уақыты мен күні де белгіленеді.

Олжас Жакупов – “Қазақстан Халық банкі” АҚ СҚОФ транзакциялық бизнес орталығының бас менеджері:

– Бұндай жүйе арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасау ыңғайлы. Пайдалану миханизмі өте қарапайым.

Жалпы, қазір қалада 4А бағытында 12 автобус қатынайды екен. Енді бұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта 14, 4Т және 2 бағытында жүретін қоғамдық көліктерге де қатысты болады. Бастаманы келесі аптаның соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.

Галина Семенова, «СҚО Автокөлiк одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Негізі, бүгінде қала ішінде 270 қоғамдық көлік қатынайды. Оның 4-уінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайлар қарастырылған. Енді, міне электронды билет жүйесін қолға алып жатырмыз. Жалпы, бұндай жүйе, әзірге тек 7 және 4А бағытында қатынайтын автобустарда жұмыс істейді.

Ал,жолаушылар үшін бұндай жаңашылдықтар тиімді ме? Тұрғындардың бірі заман игілігіне оң бағаларын беріп жатса, енді бірі қолма-қол ақшамен өтеуді құп көреді екен. Дегенмен, электрондық билеттерді қолдап жатқандар басым.

– Жеке басым, қолма-қол төлеймін. Біз сияқты зейнеткерлер бұндай технологияларды бірден түсіне бермейді. Электрондық билет жастарға ыңғайлы деп ойлаймын.

– Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу өте ыңғайлы. Өз басым бұндай жаңашылдықты қолдаймын. Енді тиын-тебен іздеп жатпаймын.

Айта кетейік, бұл электрондық билет үрдісі жалпы жолақысына кері әсерін тигізбейді.

 

Ешкенова Дана