Қоғам

Гендерлік теңдік мәселесі талқыланды

Әр сағат сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әлемде бір әйел көз жұмады. Өкінішке қарай, жұдырық ала жүгіретін ер адамдардың қолынан зардап шегетін қазақстандықтардың да саны аз емес. Хайуандыққа қалайша жол бермеуге болады? 2016 жылы БҰҰ бұл проблеманы қолға алды. Жасалған жобаны ендігі кезекте жергілікті жерде енгізу қажет.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін жандар. Қазақ қоғамында әйел азаматтың орны әрдайым ерекше болған. Өкінішке қарай, бұл көзқарас өзгеріп барады. Бұлай деуімізге жуырда ғана резонанс тудырған жағдай себеп. «Қазақстан темір жолы» ҰК екі бірдей жолсерігі елордада өткен ғылыми конференциядан Ақтөбеге кетіп бара жатқан нәзікжандыны зорлаған. Хайуандыққа барған жігіттер бар-жоғы 2,5 жылға сотталды. Мұндай фактілер соңғы уақытта жиілеуде. Бір ғана Қазақстанда жыл сайын 83 мың бала мен ана зорлық-зомбылықтан зардап шегеді екен. Бұған – еліміздегі заң жүйесі жол беріп отыр дейді Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаева.

Раушан Сәрсембаева – Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы:

– Зорлық-зомбылық жасаған үшін жауапкершілік бүгінде тым жеңіл. Хайуандыққа барғандар оңай құтылып кетеді. Жауапсыздық салдарынан елімізде осындай жағдай орын алып отыр. Әрбір үшінші әйел түрлі формадағы зорлықтан жапа шегеді. Сондықтан, әрекет етуіміз қажет. Қыз-келіншектердің құқығы мен мүддесін қорғауға тиіспіз.

2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымымен тұрақты даму бағдарламасы жасалынған болатын. Ол әрбір мемлекеттің мүддесі мен мүмкіншіліктеріне бейімделген 17 бірдей мақсаттан тұрады. Тапсырмалар 2030-ға дейін орындалса, елдердің өркендеу үрдісінің алға басатыны сөзсіз. Халықаралық ұйым бұл ретте гендерлік теңдік мәселесін назарсыз қалдырмады. Өзекті проблемаға 5-ші мақсат арналған. Қазір қазақстандық мамандар оны ұлттық деңгейде бейімдеу үстінде. Былтыр арнайы үйлестіру кеңесі де құрылды. Басты міндеттер айқындалған. Енді іске кірісу ғана қалды.

Бақытгүл Хамбар – «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ стратегиялық әзірлемелер және тұрақты даму орталығының директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Келесі саты – жергілікті жерлерде мақсат-міндеттерді анықтау. Еліміз ұлан-байтақ. Сондықтан, әрбір өңірдің айырмашылығы бар. Бағдарламаны соларға қарай бейімдеу қажет.

Екі күн ішінде меймандар теріскейлік нәзікжандылармен жүздесіп, сұхбаттасатын болады. Осылайша, жыл соңына дейін басым бағыттар анықталмақ. Меже белгіленіп, шаруаны атқару басталғаннан кейін қоғамды айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр дейді мамандар. Білім беру, денсаулық, кәсіпкерлік пен саясат. Нәзікжандылар құқығының шектелуі жұмыс орындарында да кездеседі. Статистикаға сүйенсек, соңғысына араласатын әйелдердің үлесі тым аз. Қазір мәжілістің – 27-і, ал сенаттың тек 8 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Жергілікті атқарушы билік құрамында да еңбек ететін азаматшалар саны аз екен.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінде СҚ тұрғындарының жартысынан көбін әйелдер құрайды. Салаларға бөліп қарастыратын болсақ, мемлекеттік қызметтің – 64, сот жүйесінің – 72-і, құқық қорғау саласындағы мамандардың 15 пайызын нәзікжандылар құрайды. Мәслихаттағы қыз-келіншектердің үлесін 30 процентке дейін жеткізуге жақын қалдық.

Соңғы жылдары нәзікжандылар бизнесті де қолға алуда. Қиындықтар аз емес, әрине. Бұл туралы семинар барысында да сөз болды. Жиналғандармен өз тәжірибесімен Әлия Қосмағанбет бөлісті. Оның өз ісін ашқанына бір ай ғана болыпты. Жас қыз петропавлдық сән академиясына жетекшілік етеді.

Әлия Қосмағамбет – «First Kazakhstan Fashion Academy» сән академиясының директоры:

 – Өз ісімді бастаймын дегенде қорқыныш болды. Отбасым қолдап көрсетіп, міндетті түрде өзіңді сынап көруің қажет деді. Қазір еш өкінбеймін. Басқа қыз-келіншектерге де үйде отырып қалмай, кәсіппен айналысуға кеңес беремін.

Семинар екі күнге жалғаспақ. Шара барысында өзге де өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланады.

 

 

Эльмира Садвокасова