Қоғам

Биылғы қыста солтүстікқазақстандықтарға 350 мың текше метр отын керек

Теріскейліктер қысқа қамдануда! Бүгінде жерлестеріміз жаппай қауырт маусымға отын қорын дайындап жатыр. Өңір бойынша жалпы қажеттілік 350 мың текше метрді құрайды. Бірі шаруаны өз күшімен тындырып жатса, басым бөлігі орман пайдаланушыларының қызметіне жүгінген.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл, былайша айтқанда, өлі орман. Неге дейсіздер ғой? Өйткені, бірнеше жыл ол судың астында тұрған. Ылғалдың көптігінен қайыңдар жапырақ жаймай қойыпты, енді жаймайды да. Бірақ, бұл ағаштар қыстың қытымыр аязында кез келген үйді жылыта алатын таптырмас отын.

Мамлют орман шаруашылығында мұндай аумақтар жететін. Оның 1 текше метрі 1600 теңге тұрады. Бірақ, отынды тұрғындар өз күштерімен әзірлеуі керек. Дәл қазір қысқа Мамлютқа қаласының жігіттері қамданып жатыр. Олар ағаштарды құлатып, трактормен тысқа шығаруда. Шаруа әсте оңай емес.

Саят Ермек – тілші:

– Бірақ, бұл тек істің жартысы ғана. Құлатылған ағаштарды енді бөлшектеу керек. Керегі қара күш пен қолда бар техника.

Валерий Лукин – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Жыл сайын 3 отбасы бірігіп, осылай отын дайындаймыз. Бұл әлдеқайда арзанырақ. Мәселен, дайын отынның 1 көлігі 40 мың теңге тұрса, біз 4 көлікті 32 мыңға әзірлейміз. Үйді жылытуға да, моншаға да артығымен жетеді.

Дегенмен, бірі ара-балтасын арқалап орманға өзі шықса, екіншілері отынды дайын күйінде сатып алғанды құп көреді. Татарчколар отбасы бір көлік қайың шөркелері үшін 40 мың теңге төлепті. Бірақ, бұл бір қысқа жетпейді дейді отағасы. Айтуынша, отынның бағасы да былтырғыға қарағанда сәл қымбаттаған.

Василий Татарчко – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Өткен жылы бір көлік отынды 30-35 мыңға алған едім. Биыл сәл қымбаттау болды. Жыл сайын екі көлік отын мен 6 тоннадай көмір жағамын. Өйткені үйім де, отбасым да үлкен.

Мамлют ауданы бойынша бұқараға дайын отын сатумен екі кәсіпорын айналысады. Бірі – “Петерфельд-Агро”. Серіктестік өкілі бағаны жұртшылық үшін ыңайлы етіп қойдық дейді.

Александр Беккель – “Петерфельд-Агро” ЖШС өкілі:

– Отынның текше метрін орташа еспеппен 5-5,5 мың теңгеден сатамыз. Біздегі көліктер үлкен, біреуіне 7-7,5 текше метр сыяды. Нәтижесінде бір машина қайың кесінділерінің бағасы 40 мың теңгеге дейін жетеді.

Алайда, бір ғана зейнетақыға қарап отырған қарт жандар үшін 40 мың теңгенің өзі қымбат. Шөркелерді жаруға да ақша төлеу керек. Бірақ, амал қанша?! Теріскейдің қысы қаһарлы, сондықтан жерлестеріміз қауырт маусымға әзірлікті көктемнен бастайды екен. Көбі отынды қалтада бар қаражқа қарай бөліп-бөліп алатын көрінеді. Жалпы есеппен, жыл сайын солтүстікқазақстандықтарға шамамен 350 мың текше метрдей отын керек. Өңірдегі 12 орман шаруашылығы мен 25 орман пайдаланушысы жылына отынның 492 мың текше метрін әзірлейді екен. Яғни, отын артығымен бар, жетіспеушілік болмайды.

 

 

 

Саят Ермек