Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бұқараның жылжымайтын мүлікке меншік құқығы нығая түсті

Жыл басында еліміздің жер заңнамасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Нақтырақ, Жер кодексінің 4 бірдей бабы жаңартылды. Осының арқасында енді халықтың жылжымайтын мүлікке меншік құқығы нығая түсті, ал оны қорғау күшейтілді.

Жер-мүліктік қатынастар саласы аса күрделі. Сондықтан, әділет департаментіндегі брифингіде журналистерге жаңашылдықтар егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Ең ауқымды өзгеріс Жер кодексінің 84-ші бабына енгізілген. Ол жаңа тармақпен толығыпты. Мұнда жеке меншіктегі жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару тәртібі жазылған.

Гүлнәр Қожахметова- СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:

– Жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда иелiктен шығарылуы мүмкін. Бұл үшін меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімі керек. Сондай-ақ, оған мүлiктің тең құны өтелуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, учаске сот шешiмi бойынша мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне өтеді.

Енді телім иелерінің құқықтарын заң кеңінен қорғайтын болады. Тақырып петропавлдықтар үшін өзекті. Өйткені, облыс орталығы жыл санап көркейіп келеді. Бүгінде жер үйлер сүріліп, орнына жаңа ғимараттар салынуда. Ал олардың иелеріне көпқабатты баспаналардан пәтерлер беріліп жатыр. Оның аумағы ескі үйдікімен сәйкес келуі керек. Ал меншік иесі пәтерден бас тартқан жағдайда, өтемақы да әділ берілуі тиіс.

Қалмомын Наржігітов – СҚО жер қатынастары басқармасының заңгері:

– Егер меншік иесі жерді мемлекеттен тегін алса, оған дәл сол елді мекеннің басқа аумағынан учаске беріледі. Өтемақыны ақшалай түрде де алуға болады. Мемлекет жердің нарықтық құнының айырмасын өтейді.

Телімдерді мемлекет меншігіне қайтару үрдісі 4 кезеңнен тұрады. Алдымен атқарушы билік қаулы шығарады. Кейін олар әр учаске иесін 3 күннің ішінде құлағдар етуі тиіс. Бұдан соң, меншік иесіне төленетін өтемақы мөлшері анықталады. Бағалауды тәуелсіз сарапшы жүргізуі тиіс. Егер баға қос тараптың да көңілінен шықса, келісім шарт жасалады. Өйтпесе, мәселе сот арқылы шешілмек.

 

 

Саят Ермек