Қоғам

Қауын-қарбыздың қауіпсіздігін қадағалау

Дүкен сөрелерінде жайғастырылған жеміс-жидек пен көкөністердің сапасы қандай?
Дәруменге толы өнімдер ағзаға керісінше зиянды болуы мүмкін бе? Өңір санитарлары жыл басынан 71 келі тауардың көзін жойған. Олардың құрамындағы нитратты азот мөлшері шамадан тыс болыпты.

Қауын, қарбыз, шабдалы, өрік пен алхоры. Қыс кезінде қол жетпейтін бұл жеміс-жидектерге қазір кез келген дүкеннің сөресі лық толы. Алайда, теріскейліктер оларды таңдауға аса ұқыптылықпен қарайды. Әсіресе, жаз енді басталғанда дәруменге толы өнімдерді бірден алуға асыға қоймайды екен. Қауын мен қарбызға қазір де сақтықпен қарайтындары бар.

Алаңдауға еш себеп жоқ. Өлкеге әкелінген жеміс-жидектердің барлығы сапалы. Яғни, құрамындағы нитрат мөлшері шамадан тыс емес. Мұны мамандар ай сайын тексеріп тұрады екен. Сондай-ақ, шаһардағы сауда нүктелерінде бірнеше мәрте арнайы акция да өткізген. Оның барысында кез келген тұтынушы өзінің алған жеміс-жидектерінің құрамын тегін тексеруге мүмкіндік алған. Жыл басынан 78 сынама зерттеліпті. Қуантарлығы – барлығы талапқа сай. Техникалық регламенттің сақталмауы, әсіресе көкөністерге қатысты.

Әсет Жұматаев – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– 2019 жылдың өткен кезеңінде басқарма мамандары ерекше тәртіп бойынша өткізілген тексеру нәтижесі бойынша нитратты азоттың құрамы бойынша талаптарға жауап бермейтін ерте өсімдік шаруашылығының 2 сынамасын анықтады. Қауіпті өнімді жою және құрту жөніндегі комиссияның шешімімен 71 кг тамақ өнімдері жойылды.

Сатып алған көкөніс пен жемістердің сапасына күмән келтіретіндер болса, оның құрамын арнайы зертханада тексеруіне болады. Нитраттың мөлшерін есептеуге ионометр құрылғысы көмекке келеді. Алдымен өнімді жуып, төртке бөлу керек. Себебі, мамандарға сынама үшін тауардың ұсақтаған тек 10 грамы қажет. Арнайы сұйықтықпен қосылғаннан кейін түтікті құрылғыға орналастырады. Көрсетілген сандарды зертханашылар кестемен салыстырып, техникалық регламентке сай немесе сай еместігін анықтайды.

Ольга Беляева – ғылыми сараптама орталығы зертханасының маманы:

– Күнделікті бізге 4-5 адам келеді. Мәселен, бүгін қалалықтар тексеруге қызылша, қызанақ, қияр мен қарбыз әкелді. Әрбіреуін мұқият зерттеп шықтық. Ешқайсысының құрамында нитратты азот кездеспеді.

Сынаманың қорытындысы 20 минут ішінде дайын болады екен. Зертханадағы қызмет ақылы. Құны – 965 теңге.

 

 

 

Эльмира Садвокасова