Қоғам

Суицид оқиғаларының алдын алуға арналған семинар

Өңірімізде өзіне-өзі қол салушылардың саны жыл санап көбеймесе, азаяр емес. Статистика жан түршіктіреді. 31 солтүстікқазақстандық жыл басталғалы өз тағдырына өзі балта шапқан. Арасында жасөспірімдер де бар. Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі арнайы облыстық семинарда талқылануда. Ол мектептердегі педагог-психологтарға арналған.

Саят Ермек – тілші:

– Суицид проблемасы елде бүгін аса өзекті. Бір ғана 2018-де 3,5 мың отандасымыз өз-өзіне қол жұмсаған. Өмірімен ерікті түрде қош айтысатын азаматтары көп әлем елдерінің Қазақстан алғашқы ондығына кіреді. Ал Қазақстанның ішінде бұл көрсеткіш бойынша теріскей көшбасшылардың қатарында.

Халықаралық әйелдер күнінде орын алған жан түршігерлік оқиға әлі күнге дейін ел аузында. Петропавлда 20 жасар студент қыз салынып жатқан үйдің 13-ші қабатынан секіріп кеткен еді. Өз өмірін өзі қиюға оны не итермеледі? Көпшілікке бұл белгісіз. Себебін бойжеткен хатта қалдырған.

Ал бұл 21 жасар бойжеткен Есіл жағасындағы жардан құламақ болды. Абырой болғанда, өтіп бара жатқан қырағы полицей қызды аман алып қалды. Маусымның 2-сі көпқабатты үйдің шатырынан секіріп кетпекші болған 29 жастағы петропавлдық жігіт те құтқарылды. Қаржылық пробемалар, отбасындағы кикілжің – себептер сан алуан болуы мүмкін. Статистик мамандар өз-өзіне қол жұмсауға көбіне 14 пен 30 жас аралығындағы жандар барады дейді. Әсіресе, психикасы толық қалыптаспаған жасөспірімдер суицид жасауға бейім.

Серікжан Исенов – “Мир без границ СКО” ҚБ директоры:

– Мұндай жағдайда балалар ылғи терең ойға шомып жүреді. Олар достарымен, туғандарымен қоштаса бастайды, ренжіткен адамдардан кешірім сұрайды. Кейбірі өз заттарын өзгелерге сыйлайды. Сирек жағдайда бала өмірдің мәнсіздігі жайлы әңгіме қозғай бастайды. Шынында, белгілер сан алуан. Оларды анықтай білу қажет, дұрыс психологиялық сараптама жүргізу керек. Осы мақсатпен біздің бірлестік мамандардың біліктіліктерін арттыруға көмектесіп отыр.

Арнайы семинарға өңірдің барлық аудандарынан 40-тан астам маман жиылған. Бәрі – мектепте істейтін педагог-психологтар. Олардың қызметі аса жауапты. Неге? Өйткені, жасөспірімдер күннің басым бөлігін мектеп қабырғасында, парта алдында өткізеді. Өмірін қиюға оқталып жүрген баланы қалай анықтауға болады? Оның өмір сүруге деген құлшынысын ояту үшін не істеу керек? Суицидологтар тәжірибелерімен бөлісуде. Любовь Трошина бұл мәселеге өмірінің ондаған жылын арнаған. Маманның айтуынша, психолог үшін ең бастысы – аутодиструктивтік мінез-құлықтың себебін уақытылы анықтау.

Любовь Трошина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Педагогика және психология” кафедрасының аға оқытушысы:

 – Ата-ананың ажырасуы немесе біреуінің өлімі балаға қатты әсер етеді. Кей жасөспірімдерді қатарлас-сыныптастары қабылдамай, керісінше мазақтайды. Жалғыздық – бұл қауіпті дүние. Оқу үлгерімінің төмендеуі де өз-өзіне қол жұмсауға себеп болуы әбден мүмкін. Бұл шақта баламен тілдесу керек, оның проблемасына құлақ түру керек. Әңгіме құрудың оңтайлы әдістемелерін мамандарға түсіндіруге тырысудамын. Психологқа сынып жетекшілері және ата-аналармен де тығыз байланыс орнатқан дұрыс.

Спикер толық жанұядағы теріс климат та қайғыға әкеліп соқытуы мүмкін деп санайды. Сондықтан, әке-шешеге ауыспалы кезеңді бастан кешіріп жатқан жасөспірімге дауыс көтеріп, қысым көрсетуге болмайды. Айта кетейін, білімдерін мамандар екі күн тереңдететін болады. Ертең оларға елордадан арнайы шақырылған суицидолог дәріс оқымақ. Тағы, ата-аналар қауымымен де кездесу жоспарланған.

 

 

Саят Ермек