Балалар

Петропавлдық оқушы Германиядағы халықаралық саммитке қатысады

Қала ең бірінші кезекте балалар үшін қолайлы болуы қажет! Дәл осындай позицияны ұстанатын петропавлдық оқушы Әлихан Көшербаев арнайы жоба жасады. Оның жұмысы шаһардағы қоғамдық көліктерде кездесетін проблемаларға қатысты. Енді жасөспірім еңбегін Юнисеф ұйымының ұйымдастыруымен өтетін Германиядағы халықаралқ саммитте таныстырмақ. Ауқымды шара қазан айына жоспарланған.

Әлихан Көшербаев үшін 2019-дың жазы болашағын айқындады деуге болады. Шілденің соңында жасөспірім арнайы инстаграм парақшасын ашыпты. Блогында ол қаланың инфрақұрылымы жайында, проблемалар мен оны шешу жолдарын қарастырады. “Білім-Инновация” лицей-интернатының 11-ші сынып оқушысы бар-жоғы бір айда 40-тан астам пост жазыпты. Нәтижесінде күнделікті серуен ауқымды жобаға айналды.

Әлихан Көшербаев – “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:

– Менің оқырмандарымның бірі Юнисеф Қазақстан байқауына қатысып, жобамды ұсыну қажеттігін айтты. Ұйым балалардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Сондықтан, жұмысым да 18-ге толмағандардың әлеуметтік проблемасын ашық айтып, зерттеуге бағытталған. Бұл ретте мен қоғамдық көлікке тоқталдым. Бүгінгі таңда өте өзекті мәселе деп санаймын.

Қоғамдық көлік мәселесін жан-жақты зерттеуге 2 аптадай уақыт кетіпті. Осы аралықта жасөспірім әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қала тұрғындарынан автобустардың сапасы мен қызметі жайлы сұрастырыпты. Кейін өзге шаһарлармен салыстырып, кем-кетік тұстарын анықтаған. Ең бірінші кезекте, Әлиханның сөзінше жол ақысын қайта қарастыру қажет.

Әлихан Көшербаев – “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:

– Оқушылар күнделікті қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. 15 жасқа толмаған балалар үшін жолақысы 40 теңге болса, қалғандары үшін – 80. Бұл ойға қонымсыз. Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес, 15-ке дейінгі және 18-ге дейінгі балалардың құқықтары бірдей, яғни тең. Сәйкесінше, кәмелеттік жасқа жетпеген азаматтардың барлығы үшін жолдың құны 40 теңгені құрауы қажет.

Тағы бір мәселе – автобустардың бағыттары көрсетілген схема. Нұр-Сұлтан қаласында мұндай әрбір аялдамада бар. Ал біздің шаһарға жаңашылдық әлі жетпепті. Сондықтан, Әлихан схеманы өзім жасаймын деп шешкен. Әзірге, тек 3 аялдама үшін құрастырыпты. Қазір тағы екеуін әзірлеп жатыр. Мұнда автобус станциясынан қандай қоғамдық көліктің қайда баратынын көруге болады. Жобаны болашақ урбанист алдағы уақытта қалалық әкімдік өкілдеріне ұсынбақ ниетте. Ал қазан айында оны Германияның Кёлн қаласында өтетін халықаралық самитте таныстыратын болады.

 

 

Эльмира Садвокасова