Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік қызметті жетілдіру

Мемлекеттік қызметке лайықты және білімді адамдар ғана келуі тиіс! Сондықтан еліміздегі азаматтарға жоғары талаптар қойылған. Қазір жауапты істің жүгін арқалап, еңбек ету үшін үш сатылы іріктеуден өту қажет. Тек сонда мемлекеттік қызметші атануға болады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде мемлекеттік басқару жүйесіне меритократия негізінде лайықты, білімді адамдар келуі тиіс екенін атап өткен болатын. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін меритократия қағидаттарын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар күшейтілуде. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметші атану үшін жоғары талаптар қойылған.

Елена Степаненко – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мәселен, мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесі құрылған. Төменгі лауазымдарға қабылдану үшін алдымен тестілеуден өту керек. Тағы заңнаманы білу қажет. Адамның жеке қасиеттерін бағалау да бар. Жалпы, өңірімізде үстіміздегі жылдың 6 айында 727 азамат тестілеуден өту туралы өтініш білдірген. Оның 464-і – әкімшілік мемлекеттік қызметке түсушілер. Ал қалғаны – құқық қорғау қызметіне ниет танытқандар. Айта кетейін, облысымызда 536 мемлекеттік орган бар. Оларда 4408 мемлекеттік қызметші еңбек етеді.

Жыл басынан бері профилактикалық бақылау мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау шеңберінде мемлекеттік органдарда 30 тексеріс жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 200-ден астам бұзушылық анықталған екен. Негізінен, басым бөлігі конкурстарды өткізуге және Этика кодексін бұзуға қатысты. Оның 62%-де өтініш білдірушілердің құқықтары қалпына келтіріліп, 2 заңсыз қолданылған тәртіптік жазаның күші жойылыпты.

Жиында сандық технологияның қолданылу барысы туралы да айтылды. Елбасы бұған дейін жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтің 90%-ін цифрландыруды тапсырған болатын. Біздің облысымызда бұл бастама қызу жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, жұмыс ауқымы жеңілдеп, мемлекеттік қызмет алудағы кезек мәселесі оңтайландырылады.

Қуаныш Жүсіпова – СҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары:

– “Мәселен, біз “Ашық әкімдік” жобасын іске қосқаннан бастап 40 мыңнан астам адам жүгінді. Күніне 150-200 азамат келеді. 25 қызмет түрі көрсетіледі. Бұндай бастама Шал ақын ауданында да қолға алынды. Енді, Есіл, Тимирязев, Қызылжар және тағы 4 ауданда жоспарлануда.

Бірақ, атқарылатын жұмыстар әлі де баршылық. Себебі, халықтың басым бөлігін қағазбастылықтан арылту керек. Сол себепті өңірдің барлық ауылдарына сапалы интернет өткізу керек.

 

 

Ешкенова Дана