Спорт

“Ботай” ұлттық ойынынан облыстық ашық турнир өтті

Солтүстік Қазақстан – асауға алғаш ауыздық салынған жер! Себебі, құтты мекеннен талай ғасырлар бұрын қолға үйретілген жылқының сүйектері табылды. Тарихи жәдігерлердің арасында Қамбар ата төлдерінің мыңдаған тілерсектері де болды. Міне, солармен кезінде ойын ойналған деген дерек бар. Қазіргі күні бұл ұлттық сайыс түрі қайта жанданып, “Ботай” деген атты иеленді. Бүгін дәл осы бәсекеден Петропавлда ересектер арасында облыстық ашық турнир өтті.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

 – Қаламыздың басты алаңына келген әрбір жан мына жерде асық атудан жарыс болып жатыр деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Бірақ, олай емес. Мұнда сайыскерлер енді ғана көпшілікке танылып келе жатқан “Ботай” ойынынан сынға түсуде. Оның да өз ерекшеліктері бар екен, қызықты тұстары да жетерлік. Олай болса, доданы бірге тамашалайық.

Бүгін – облыстық ашық турнир! Жарыста жерлестерімізден бөлек, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қаласынан келген 20-ға жуық азамат бақ сынауда. Қатысушылардың кейбірі көне Ботай ойынының ережесін білмейді. Ол – әрине, түсінікті жағдай. Себебі, сайыс түрі, әзірге Солтүстік Қазақстан аумағында ғана танымал. Бірақ, бұл кедергі емес. Ұйымдастыршылар алыстан ат терлетіп келген қонақтарға тәртіпті түсіндіріп, негізгі ерекшеліктерді әңгімелеп берді.

Ерлік Мұхамеджанов – “QymyzFest” фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Бұл ойынның ерекшеліктері көп. Ойын жылқының сүйегімен ойналады. Тек ер адамдар ойнайды.

Ал енді ойын ережесіне жіті тоқталайық. Мұнда 2 қарсылас сынға түседі. Олар алдымен сайысты кімнің бастайтындығын анықтайды. Ол үшін
қолдарындағы ірі қара малдың топайын тізеден биік алға қарай лақтырып гүлдіреді. Сақа тәйкі емес, алшысынан түскені жөн. Сонда қатысушы қаз-қатар тізілген дилерді көздейді. Яғни, жылқының тілерсегін атады. Осылай бірнеше рет жалғасады.

Қуат Хайруллин – турнирдің бас төрешісі:

– Ойын 4 метрден басталады. Қалған ойындар 5, 8 және 10 метр болуы мүмкін. Ойын спортшының машықтанғанына байланысты. Ең бастысы дилерді 3 табанға ұшырып шығару керек.

Иә, тізілген 5 дидің 3-еуін сызықтардан шығару қажет. Сонда ойыншы жеңіске жетеді. Қазір петропавлдық Әсет Демесінов пен шалақындық Қобылан Таманов сынға түсіп жатыр.

Әсет Демесінов епті әрі мерген екен. Ол 3 партиядан тұратын ойынды соңына дейін жеткізеді. Қарсыласынан 2 мәрте басым түсіп, жеңіске жетті.

Әсет Демесінов – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Ойын жақсы өтті. Жеңіске жеттім. Ойынның ережесін ақсақалдардан, жігіттерден сұрап үйрендім. Аса қиын емес.

Жарыс соңында ұлттық ойынымызды ұлықтаған жандар марапатсыз қалмады. Оларға диплом, медаль және бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, биыл ерекше сайыс түрін облыстағы мектептерге үйірме ретінде енгізу жоспарланған.

 

 

Култанов Байболат