Әр түрлі

Астрономиялық құбылыс

Таңғажайып астрономиялық құбылыс! Әр жылдың жаз мезгілінде Персеиданың метеорлық жауыны болады. Оны теріскейліктер тамыздың 11-інен 12-сіне қараған түні тамашалай алады. Мамандардың сөзінше, дәл сол түні аспан ерекше кейіпке енетін көрінеді.

Персеида – ең қарқынды метеор ағыны. Көздің жауын алатын мына құбылысты алғаш рет қытайлықтар байқаған. Кейін олар ең бірінші болып оған зерттеу жүргізген екен. Осылайша, халық көріністі «жұлдызды жауын» деп атап кеткен.

Андрей Солодовник – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ИжСТФ кафедра доценті, профессор:

– Персеида адамдарға шамамен 2 мың жылдан бері таныс. Оны еуропалықтар алғаш рет тек 15-ғасырда ғана байқаған. Олар қытайлықтарға қарағанда біраз артта қалды. Өйткені, Аспан асты елінің адамдары жұлдыздарға баяғыда зерттеу жасап үлгерген еді. Ал метеорлар ғылыми теорияға тек 19-ғасырда енгізілді.

Өңірімізде «жұлдызды жауынның» шарықтау шегі тамыздың 12-сі мен 13-іне қараған түніне сәйкес келеді. Мамандар бұл құбылысты қаланың шетінде, яғни жарық пен шаң жоқ жерде тамашалауға кеңес береді. Оған қоса, ағынды ұялы телефон мен телескоптың көмегінсіз бақылау дұрыс екенін айтады. Өйткені, метеор секундына 60 км жылдамдықпен жауады. Ал заманауи техника ғажайып көріністі анық көрсетпейді.

Андрей Солодовник – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ИжСТФ кафедра доценті, профессор:

– Метеор диаметрі 1 см болатын кішкентай тас секілді. Ол жылдамдықпен құлдилап келіп ауа қабатын кескенде тұтана бастайды. Кейін артынан жарқыраған із қалдырады. Ол тек 3 секунд сақталғанымен адамдар оны анық көре алады. Бірақ, аспан бұлтты болса құбылысты байқау қиындай түседі. Оған қоса толған ай да жұлдызды ағынның айқын көрінуіне кедергі жасайды.

Шілденің 20-сынан бері болып жатқан таңғажайып құбылыс тамыздың 24-іне дейін жалғасады екен.

 

Маржан Касымбек