Спорт

Солтүстікқазақстандық палуан жеңіс тұғырынан көрінді

Жақында Польшаның астанасы Варшава қаласында еркін күрестен халықаралық турнир өтті. Бұл жарысқа ел құрамасы да қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Байрақты бәсекеде біздің білекті жігіттер жалпы саны 9 медаль жеңіп алды. Оның бірін солтүстікқазақстандық Нұрқожа Қайпанов еншіледі. 70 келі салмақта белдескен жерлесіміз күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ол финалға дейін сүрінбеді. Барлық қарсыластарын айқын ұтты. Алайда, ақтық сында түркиялық Хайдар Явузға есе жіберді. Айта кетейік, теріскейлік бозкілем шеберіне үлкен үміт артылып отыр. Нұрқожа қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды деп жоспарланған. Жаһандық жарыста бағы жанса Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алады. Ал үздіктердің басын қосатын дүбірлі дода келесі жылы Токиода жалауын желбіретпек.

Култанов Байболат