Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер жыл соңына дейін POS-терминал орнату қажет

Үстіміздегі жылдың соңына дейін POS-терминал орнату қажет. Сонда мемлекет бизнесменнің табысына қарай өтемақы төлейді. Бұл жайлы солтүстікқазақстандық іскер жандарға кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының өкілдері айтты.

Дмитрий Силин – “Силина Любовь Павловна” ЖК өкілі. Азамат анасымен бірге сауда-саттықпен айналысады. Яғни, тұрғындарға күнделікті тұтынатын тауарларды сатады. Іскер жанның дүкенінде POS-терминал жоқ екен. Осының салдарынан жерлесіміз адамдармен қолма-қол төлем жасайды. Бірақ, алдағы бірер аптада заманауи құрылғы орнатылмақ.

Дмитрий Силин – “Силина Любовь Павловна” ЖК өкілі:

– Жақында банкке POS-терминал алу үшін бардық. Ондағы мамандар құрылғыны жалға береміз, бірақ сәл күтіңдер деді. Енді, тауарды тосып отырмыз. Ол істі әжептеуір жеңілдетеді. Уақыт үнемделеді. Тұтынушыларымыз да риза болады.

Өңірде есеп айырысуға арналған құрылғылардың санын арттыру қажет. Себебі, Солтүстік Қазақстан облысы – елімізде POS-терминалдарды ең аз пайдаланатын аймақтың бірі. Бұл мәселені Кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының өкілдері жақсы біледі. Алматылық мамандар проблеманы біртіндеп шешу үшін теріскейге 10 аппараттың сертификатын алып келіпті. Жаңашылдықтар жергілікті іскер жандарға сыйлық ретінде тегін берілді.

Дмитрий Казанцев – Кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры, Алматы қаласы:

– Арамызда карточка арқылы есеп айырысқысы келетін іскер жандар бар. Олар өздерінің ақшаларының аздығынан терминал ала алмай жүр. Міне, біз осындай 10 адамды анықтап, сертификат сыйладық. Бизнесмендерді іріктеуге жергілікті кәсіпкерлер палатасы көмектесті. Бұл үлкен жұмыстың басы деп қана білеміз. Петропавлдықтар алдағы уақытта жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, рейтингіні көтереді деген сенімдемін.

Осы орайда кәсіпкерлердің құлақтарына алтын сырға. 1-ші қаңтарға дейін POS-терминалды орнатқан жөн. Сонда сізге мемлекет жылдық табысыңызға қарай өтемақы төлейді. Мұны жергілікті іскер жандарға Дмитрий Казанцев жіті түсіндіріп жатыр. Әңгіме барысында орталық директоры келер жылдан күшіне енетін жаңашылдық жайлы баяндады. Нақтырақ айтсақ, жұмыс берушілер тарапынан әр қызметкердің зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз жарна аударылатыны туралы айтып берді.

Дмитрий Казанцев – Кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры, Алматы қаласы:

– Қосымша 5 пайыз жарна аудару жұмыс берушілерге үлкен қиындық туғызады. Біз оған зерттеу жүргіздік. Сонда бизнеске түсетін жүктеме 57 процентті құрайтындығына көзіміз жетті. Мұндай өзгеріске “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарсы. Палата жаңашылдықты келесі жылы емес, алдағы уақытта енгізу қажет деп санайды.

Жиын соңында алматылық мамандар патент негізіндегі арнаулы салық режимі төңірегінде әңгіме өрбітті.

 

Култанов Байболат