Спорт

Өңірде республикалық көпкүндік веложарыс бастау алды

Петропавлда республикалық көпкүндік веложарыс бастау алды. Дүбірлі дода жыл сайын Кеңес Одағының чемпионы, спорт шебері Алексей МартынОвичтің құрметіне орай өткізіліп тұрады. Байрақты бәсекеге еліміздің 6 өңірінен 90-ға жуық жас спортшы жиылды.

Алексей Мартыновичтің құрметіне орай ұйымдастырылған тартысқа 90-ға жуық спортшы сақадай сай тұр. Бұл – 13-14 жастағы ұл-қыздар үшін республикалық деңгейдегі алғашқы сайыстары. Сол себепті, бойларында аздап қобалжу бар. Дүбірлі додаға қатысып жатқан жас спортшылардың бірі – Ғазиз Батырбек. Қазір ол өз кезегін күтуде.

Ғазиз Батырбек, веложарысқа қатысушы, Қызылорда қаласы:

– Велоспортқа келген себебім Винокуров сынды чемптон болғым келеді. Қызылордадан – 9 баламыз. Петропавлға алғаш келуім. Жарыс жақсы болады деп ойлаймын.

Жалпы, сайысқа 6 аймақтан 15 құрама жиналған. Ал бүгінгі жарыс жеке стартты. Велошабандоздар 10 шақырымды жүріп өтулері тиіс. Бұл қатысушылар үшін күтпеген жағдай болды, себебі ұл-қыздардың барлығы топтық жарысқа дайындалған болатын. Дегенмен, жас спортшылар қаймықпай кезегі келгенше қызу дайындық үстінде

Владимир Парахин, веложарыстың бас төрешісі:

 – Бүгін негізі топтық жарыс өту керек болған. Бірақ, өкінішке қарай веложарыстың шартына сай екінші жедел жәрдем көлігі келе алмады. Соған байланысты жоспарымыз өзгерді. Яғни, соңғы күні өтетін жеке старт бүгінгіге ауыстырылды.

Тартыс алдағы 4 күн бойы жалғаспақ. Бұл кезде қатысушылар топтық әрі командалық есепте 40-50 шақырымды еңсерулері тиіс.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы