Денсаулық сақтау

Дүниежүзілік бала емізу апталығы өтуде

Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – ол шешесінің ақ сүті. Жаңа туған перзенттің ана сүтін емуінің маңызы өте зор. Осы орайда жыл сайын тамыз айының 1-і мен 7-сі аралығында бала емізуге арналған дүниежүзілік ұлттық апталық өткізіледі. Бұл күндері жас нәзікжандыларға сәби емізудің артықшылықтары туралы біраз кеңес беріледі.

Юлия Чеплыйгина – 2 баланың анасы. Тұңғышын 17 жасында дүниеге әкелген екен. 29 жастағы келіншек жуырда екінші перзентін құшағына алды. Нәзікжанды бірінші жүктілігін жоспарлау кезінде нәрестені бірден өзім еміземін деп шешкен екен. Ал екінші баласымен бұл тұрғыда басында сәл қиыншылықтар туындапты.

Юлия Чеплыйгина – қала тұрғыны:

– Екінші сәбиімді дүниеге әкелгеннен кейін сүт бірден пайда болған жоқ. Біраз уақыт қиналдым, түні бойы ұйықтай алмаған күндерім де болды. Балам сүт іздеп үнемі жылайтын. Шыдай алмай медбикелерге барып сәбиіме қоспа да сұрадым. Бірақ, кейін сүттің келуін күтемін деп ой түйдім. Себебі, жаңа туған сәбиге ең бастысы ананың сүті керек. Екі күннен кейін дәл мен ойлағандай болып шықты. Сүтім пайда болды. Қазір барлығы жақсы. Сүтім де жеткілікті.

Сәбиді ана сүтімен қоректендіру – бұл табиғаттың әйел адамға берген үлкен сыйы. Омыраумен емізгенде әйел адам мен бала арасында ерекше жақындық пайда болады. Мұны сөзбен жеткізу оңай емес. Оны сезіну қажет. Жалпы, ана сүті – өзінің пайдалылығымен басқа тағамдардан жоғары тұрады. Себебі, емшек сүті – бұл нәрестенің дұрыс өсуінің негізі. Оны ешбір сүт қоспасы алмастыра алмайды.

Вера Кенжибаева – “Денсаулық” коммерциялық емес жеке меншік мекемесінің акушер-гинеколог дәрігері:

– Өкінішке қарай, қазір көп аналар баланы бір-екі ай ғана емізеді де, ары қарай жасанды сүтпен немесе қоспалармен тамақтандырғанды жөн көреді. Бұл дұрыс емес. Себебі, нәрестені кем дегенде бір жасқа дейін ана сүтімен қоректендіру қажет. Емшек сүтінде балаға қажетті барлық витаминдер, минералдар, ақуыздар, майлар және көмірсулар бар. Жас аналарымыз осыған баса мән берсе екен деймін.

Жалпы, дүниежүзілік бала емізу апталығы аясында денсаулық сақтау мекемелерінде емізудің артықшылықтарына арналған бірқатар консультативтік шаралар ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты – ана сүтінің пайдасы туралы әйелдерге дұрыс ақпарат беру. Оған қоса жиында жаңа туған сәбиді қалай дұрыс тамақтандыру керектігін білмейтін нәзікжандыларға кеңестер де беріледі екен. Дәрігерлердің айтуынша жас аналар ең бастысы мамандардың көмегіне жүгінуден жасқанбауы керек.

Вера Кенжибаева – “Денсаулық” коммерциялық емес жеке меншік мекемесінің акушер-гинеколог дәрігері:

– Бала емізудің өзіндік қиыншылықтары да бар. Ақпарат алу арқылы олардың алдын алуға болады. Мәселен, дұрыс емізудің ерекшеліктерін білмегендіктен, кейбір жас аналарымыз өз сәбиін керегінше емізе алмай, емшектен ерте айырып жатады. Сол себепті, қаламызда жас нәзікжандыларға арналған арнайы аналар мектебі де бар. Онда біраз нәрсені білуге болады.

Айта кетейік, мамандардың айтуынша, сәбиді екі жасқа дейін емізу анаға да, балаға да пайдалы. Оған қоса, ана мен бала арасында тығыз байланыс орнайды екен.

Ешкенова Дана