Қоғам

7-ші бағыттағы автобустарға QR-код орнатылды

Қоғамдық көлік қызметіне қатысты айтарыңыз бар ма? Ендеше, шағым, ұсыныс – жалпы пікіріңізді ұялы телефондағы арнайы бағдарлама арқылы білдіруге болады. Ол үшін, әзірге, тек 7-ші бағыттағы автобустарға QR-код орнатылды. Бұл – пилоттық жоба. Қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр.

Қоғамдық көліктің уақытылы келуі, ішкі жинақылығы мен тазалығы. Тағы, жүргізуші мен кондуктордың атқарған қызметі. Енді кез келген тұрғын бұған өз бағасын бере алады. Оның әдісі де қарапайым. Қосымшаны жүктеудің қажеті жоқ. Бастысы, ұялы телефоныңыздың камерасын қосып, автобустағы QR-код-ты суретке түсірсеңіз болғаны. Мамандардың айтуынша, соңғы шыққан құрылғыларда қажет бағдарлама бірден ашылатын көрінеді. Кейін, автобусты белгілеп, оған қатысты жазбаңызды қалдыра аласыз.

Денис Самохин, “PROFit” ЖК директорының орынбасары:

– Бұл ең алдымен жолаушылар мен тасымалдаушы компания арасында байланыс орнату үшін жасалынды. Тұрғындар QR-код арқылы өтініштері мен ұсыныстарын қалдыра алады. Қазір бұл жүйе тек 7-ші бағыттағы қоғамдық көліктерге орнатылған. Алдағы уақытта пилоттық жоба оң нәтижесін беріп жатса, өзге де автобустарға орнатамыз деп жоспарлап отырмыз.

Қазір қалада 7-ші бағытта 13 автобус қатынайды екен. Оның 1-уі аталған жүйеге әзірге ендірілмеген. Өйткені, пилотық жоба қолға алынар кезде жаңа автобус қолданысқа әлі берілмеген болатын. Ол өз жұмысын тек тамыздың 1-інен бастаған екен.

Светлана Калюжная, “Петропавл НОРД” ЖШС пайдалану қызметінің бастығы:

– Бұл жүйе өте ыңғайлы. Себебі, бұрын тұрғындар шағымдары болған жағдайда телефон соғып хабарласып жататын. Енді, автобустағы қызметкерлердің жұмысына көңілі толмаса осы пилоттық жоба арқылы пікірін білдіре алады. Қазір осы жүйенің көмегімен мамандардың жұмысының сапасын қадағалап отырмыз.

Пилоттық жоба шілденің 31-інде қолға алынған болатын. Бүгінге дейін онда 40-қа жуық адам өз ойын білдірген.

– Менің ойымша, бұл жақсы ойластырылған жүйе. Себебі, әр азамат өз пікірін білдіре алады. Бұл қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға септеседі.


– Негізі, QR-код туралы алғаш естіп отырмын. Өзіме автобустың іші ұнайды. Таза әрі ыңғайлы.

Актолкын Солтанханкызы