Қоғам

Жеделсаты жыры

Жеделсаты керек! Петропавлдағы 9 қабатты үйлердің бірінде  тұрғындар өз пәтерлеріне жаяу көтерілуге мәжбүр. Әсіресе, жоғарғы қабаттарда тұратындар мен қарттар лифтіге зар болып отыр. Сөздерінше, қалалық әкімдіктегі мамандар көмек көрсетуге асығар емес. Ашынған азаматтар арна редакциясына хабарласты.

9 қабат, ал жеделсаты жоқ! Хименко көшесіндегі 9-шы үй тұрғындарының 20 жылдан астам уақыт бойы көріп келе жатқаны осы. Мұнда 200-ден астам пәтер бар. Қас қағым сәтте жоғары қабатқа көтеріп беретін құрылғы, әсіресе, жүкті әйелдер мен егде жастағыларға ауадай қажет.

Татьяна Березина – Хименко көшесіндегі 9-үйдің тұрғыны:

– 8-ші қабатта тұрамын. Көшіп келгелі бері жаяу көтеріліп жүрмін. Жасым 65-ке келді. Қарапайым дүкенге барудың өзі қиын. Әшейін аулаға шығып, қыдырғым да келмейді. Өйткені, пәтеріме жету үшін 3-4 рет тоқтап, демалуға тура келеді.

30 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйде лифт болуын болған. Алайда, ол небәрі 8 жыл қызмет етіпті. Кейін істен шыққан, ал бертін бәрі ұрланып кеткен. Бос шахта бүгінде нығыз бекітулі тұр. Сәрсекеевтер отбасы бұл үйге жыл басында көшіп келіпті. 7-ші қабатта тұрады. Күнде кешке жұмыстан шаршап келетін ерлі-зайыптыға пәтерге жету – проблема. Тіпті, жолдың ортасында ентіккен баланы отағасы жиі қолға алып жүруге мәжбүр.

Жанат Сәрсекеев – Хименко көшесіндегі 9-үйдің тұрғыны:

– Жұмыстан кейін бір түсесің, кешке жұмыстан келгенде бір мінесің. Артық балалармен қыдырып, далаға шығарып, ойнатуға жағдай болмай жатыр. Өйткені, лифті болмағасын баспалдақпен мініп-түсу қиынға соғуда.

Бізге қашан жеделсаты орнатылады? Осы сауалмен азаматтар қалалық әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Айтуларынша, атқарушы билік нақты жауап бермей отыр. Баспанадағы кооператив төрайымы Ольга Казанцева осымен 4-ші жыл түйіткілді шешуге тырысып келеді.

Ольга Казанцева – “Хименко,9” ПИК төрайымы:

– Біздің баспананы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына енгізді. Әкімдік жобалық-сметалық құжат әзірлеңдер деді. Ол үшін мен әр пәтерден 3 мың теңгеден жинап, тиісті қағаздарды дайындап қойдым. Жуық арада орнатамыз деген еді, бірақ, үрдісті келесі жылға қалдыра берді.

Енді 2014 жылы жасалған сметалық құжат жарамсыз. Жаңасына тағы ақша жинау керек. Алайда, тұрғындар енді маған сенбейді дейді төрайым. Ал журналистермен тілдескен әкімдік өкілдерінің сөзі басқа. Біз жеделсатыны алмастыруға міндетті емеспіз деп отыр олар. Проблеманы тұрғындардың өздері шешуі тиіс.

Мадияр Жангудин – Петропавл қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Жеделсаты – бұл пәтер иелерінің ортақ меншігі. Хименко көшесіндегі 9-шы үйдің тұрғындарына 2000-шы жылдары лифтіні әкімдік қаражаты есебінен жөндеу бойынша ұсыныс жасалды. Онда қондырғының кабинасы мен моторы болған еді. Алайда, азаматтар ортақ шешімге келе алмағандықтан, жөндеу жүргізілмеді. Кейін лифтінің бөлшектері ұрланып кетті. Енді жаңасын орнату үшін қаржыны тұрғындардың өздері жинауы керек.

Бірақ, жалғыз жалақы-зейнетақыға қарап отырған жандардың өз қаржысына лифт алатын мүмкіншіліктері жоқ. Өйткені, қондырғының бір-біреуі орта есеппен 9 млн теңге тұрады. Алайда, жуық арада жеделсатыны тиімді шарттармен сатып аларлық мүмкіндік тууы тиіс.

Мадияр Жангудин – Петропавл қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы жаңа заң жобасы әзірленді. Ол қабылданса, әкімдіктер ерікті түрде жеделсатыларды орнатуға немесе жөндеуге бюджеттен қаражат бөле алатын болады. Ал тұрғындар жұмсалған ақшаны 7-10 жылдың ішінде қайтарулары тиіс.

Бүгінде бұл заң жобасы Мәжілістің екі тыңдалымында талқыланып, мақұлданған. Қазір оны Сенат қарастырып жатыр. Заң қабылданса, айта-айта жауыр болған жеделсатылардың жыры аяқталар еді. Мәселен, бүгінде Петропавл бойынша 4 тұрғын үйде лифт мүлде жоқ, ал 174 баспанада қондырғыны ауыстыру қажет.

 

 

Саят Ермек