Бизнес және экономика

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің филиалында шеберлік сағаты өткізілді

Бастапқы жарнаны жинап, ипотеканы қалай тез рәсімдеуге болады? Баспананы қандай бағдарламамен алған тиімдірек? Осы және өзге де сұрақтарға петропавлдықтар сенбі күні жауап ала алды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өңірлік филиалы бұқараға арнап шеберлік сағатын ұйымдастырды. Мамандар азаматтарға түрлі пайдалы кеңестер берді.

Әр адамның арманы – баспаналы болу. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жұмысы – сол арманды орындау. Пәтерге тез әрі қиындықсыз қол жеткізудің жолдары сан алуан. Банк қызметкерлері ол туралы қуана әңгімелеуде.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Өзіміздің байырғы және потенциалды клиенттерімізбен кездесіп, шеберлік сыныбын ұйымдастырып жатырмыз. Неге? Өйткені жұртшылық тарапынан сауал көп. Жай күндері жұмыс қамымен жүрген жандар демалыс күні келіп, сұрақтарына жауап алды. Тағы петропавлдықтарды мемлекеттік бағдарламалардың шарттарымен де таныстырудамыз. Есік бәріне ашық, ал кездесу еркін форматта өтуде.

Олар жылдап қаражат жинады, салымдарын жүйелі түрде аударып тұрды, конкурсқа қатысты. Ал бүгінде ипотека рәсімдеп, армандаған шаршы метрлеріне қол жеткізіп отыр. Шараға арнайы шақыртылған бұл клиенттер өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Ал әріптесіміз, “Qyzyljar” арнасының тілшісі Екатерина Белоусованың оқиғасы өзгеше. Оның қолында қомақты қаражат болған. Ал баспана алуға 1 млн 800 мың теңге жетпей тұрыпты. Бұл шақта оған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көмекке келеді. Қажетті соманы Екатерина небәрі жылдық 5 пайыздық үстемемен несиеге алған.

Екатерина Белоусова:

 – Несие алу үшін ұпай жинап, банк талаптарын орындау керек болды. Бәрін айтқандай жасадым. Заемды енді 3 жылдың ішінде қайтарамын. Ал алған ақшамның үстінен тек 120 мың теңге артық төлеймін. Арманым орындалып баспаналы болдым.

Мұндай “Хэппи енд”-тер аз емес. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 45 мыңнан астам адамның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозиті бар екен. Бір жылда мыңдаған салымшы ипотека рәсімдейді. Банк, негізінен, “Нұрлы жер” бойынша жұмыс істейді. Ал жуырда жаңа “Бақытты отбасы” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Ол қоғамның әлжуаз топтарын баспаналы етуге бағытталған.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Жастары 23-тен аспаған 4 және одан да көп балалары бар отбасылар, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жанұялар бұл бағдарламаға қатыса алады. Біріншіден, отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек, ал екіншіден, олар әкімдіктегі баспана кезегінде тұруы тиіс. Олар бағасы 10 млн теңгеден аспайтын пәтер ала алады. Тағы, 10 пайыздық бастапқы жарна аудару керек. Ипотека жылдық 2 пайыздық үстемемен беріледі. Әзірге, бағдарлама бойынша 80 өтініш қабылданды. 12-сі мақұлданды, ал 68-і қарастырылып жатыр.

Ал депозит ашып, ақша жинап жатқандарға салымдарды қалай жүйелі түрде аударып тұруға болады? Бастапқы жарнаны қалай тез жинауға болады? Өзекті сауалдарға жауап бола алатын пайдалы кеңестер де берілді шеберлік сыныбында. Мәселен, банк қызметкерлері бір отбасына тек бір ғана шотпен шектеліп қалмау керектігін айтады.

Әмір Нұрмұқанов – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Жұйбайы, зайыбы, ата-аналары мен балаларының бәрі бір-бір шоттан ашқаны дұрыс. Барлық депозиттерге ақша салып отыру қажет. Сонда, мемлекет беретін жылдық сыйақы әрбір шотқа түсетін болады. Осылайша, жанұяның тез арада баспаналы болу мүмкіндігі бар.

Тағы бір ойтайлы әдіс. Жарнаны өзіңіз қызмет ететін мекеменің есепшілері бірден депозитке сала алады. Яғни, жалақының бір бөлігін ол қолға тиместен бұрын шотқа аудару мүмкіндігі бар. Динара Баекина – әл-Фараби мектеп-лицейінің бас есепшісі. Маманның айтуынша, білім ошағы еңбеккерлерінің арасында қызметтің бұл түрі кең таралып келеді.

Динара Баекина, әл-Фараби мектеп-лицейінің бас есепшісі:

– Алдымен, тек 3 қызметкеріміз ниет білдірген еді, қазір олардың саны 10-нан асады. Өйткені, бұл өте ыңғайлы. Банкке барудың, терминал іздеудің қажеті жоқ. Зейнетақы жарналарын аударғандай, ай сайын тиісті соманы шотқа салып отырамыз. Міне, бұл еңбегіміз үшін банк бізді марапаттап отыр.

Тағы бір жаңашылдық! Жуырда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арнайы сертификаттарды шығара бастады. Яғни, кез келген адам өзінің туған-туыстары, жора-жолдастарына депозит сыйлай алады. Осылайша, жақын жандардың арманына қол жеткізуіне қолғабыс етуге болады.

Саят Ермек