Қылмыс

СҚО-да 80 келіден астам есірткімен 46 жастағы ер адам ұсталды

Өңірдің полиция қызметкерлері ірі есірткі тасымалының жолын кесті. Олар Ғ.Мүсірепов ауданында 80 келіден астам наша әкетіп бара жатқан ер адамды ұстады. Күдікті қазір қамауға алынған. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Ұсталған ер адамның жасы 46-да. Ол өз машинасымен “Жезқазған-Петропавл” автожолының 246-шы шақырымында кетіп бара жатқан. Полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде көлігінен өсімдік тектес дүние салынған 4 қап пен оралған тағы бір зат табылған.

Жанар Байғазина – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:

 – Сот химиялық сараптамасы қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар 80 келі 285 грамм “марихуана” мен 88 грамм “гашиш” болып шықты.

Тәркіленген заттардың қара нарықтағы жалпы құны 6 млн теңгеден асады екен. Қазір аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Ғ.Мүсірепов ауданындағы тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол есірткіні сату арқылы оңай олжаға кенелмекші болыпты. Азамат бұған дейін істі болмаған. Енді ол 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жалпы, жыл басынан бері полиция қызметкерлер заңсыз айналымнан 200 келіден астам түрлі есірткі затын тәркілеген.

 

Бердимурат Баймухан