Қоғам

Құрбан айт мерекесі тамыздың 11-і бастау алады

Аллаға жақын қылатын, адамдарды ауызбіршілікке шақыратын мереке. Биыл мұсылмандар қасиетті Құрбан айтты тамыздың 11-і мен 13-ші күндері аралығында атап өтпек. Діни мейрамда жағдайы жеткен әр адам мал сойып, дұға етуі тиіс. Мұның бәрі белгілі тәртіп бойынша жасалуы міндетті.

Әр жыл сайын мұсылмандар бірнеше мерекені атап өтеді. Олардың әрқайсысының өзіндік уақыты, мәні мен маңызы бар. Солардың бірі – қасиетті Құрбан айт. Бұл мейрамда жұртшылық таңмен таласа тұрады. Мешітке ерте барып, айт намазын оқиды. Биыл қызылжарлықтар таңғы 7-де дұға етпек. Одан кейін Аллаға арнап құрбан шалады. Яғни, қой, ешкі, қара мал немесе түйе сояды. Осылайша өзіне жүктелген міндетті орындайды. Сауапқа кенеледі.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Жағдайы жететін мұсылман баласына құрбан шалуа міндет болып саналады. Сойылған малдын етін 3-ке бөлу қажет. Бір бөлігін өзі алады. Екіншісін туған-туыстарына береді. Ал 3-ші бөлігін қайырымдылық ретінде берген дұрыс. Бұл – Пайғамбарымыздың хадисі.

Мұндай іс әр мұсылман баласын Аллаға жақын қыла түседі екен. Одан бөлек, Құрбан айт адамдарды да бір-біріне жақындастырады. Яғни, айтшылап жүрген туыстарды, көршілер мен ренжіскен жандарды бір дастархан басында тоғыстырып, мейірімді, тату болуға үгіттейді.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Айт деген не дегенде? Пайғамбарымыз ең ұлы мереке деген екен. Сондықтан, айттау қажет. Көрші-қолаңменен, туған-туыспенен немесе дүниеден өтіп кеткен адамдарға құран оқыту керек.

Мереке кезінде бірқатар ережені қатаң ескеру қажет. Біріншіден, Құрбан айтта аяқ-қолы бүтін, құлағы, мүйіздері сау мал құбылаға қарата бауыздалуы тиіс. Екіншіден, төрт түлік түрлерінің бағалары шарықтап кетпегені абзал. Мұнын бәрін «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы дін өкілдеріне түсіндіріп, қаламызда бақылау жүргізу керектігін мәлімдеді. Айта кетейік, Петропавлда әр жыл сайын қой мен ірі қара Космонавт көшесі, 2 мекен жайында сойылады. Сонымен қатар, Құрбан айтта жерлестеріміз мешіттерде “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы мен түрлі спорттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

 

Култанов Байболат