Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өнімін экспортқа шығарушы бизнесмендерге қолдау көрсетіледі

Отандық өнімді шетелде танытуымыз керек. Ол үшін бизнесмендерге мемлекет қандай жағдай жасауда? Экспорттаушыларға қаржылай және сервистік көмек көрсететін институт өкілдері бүгін теріскейлік кәсіпкерлермен жүздесті. Жиында тауарды сыртқы нарыққа жөнелтудің тиімді тұстары мен бизнес кезіккен проблемалар кеңінен қаузалды.

Алдағы 5 жылда Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын 2,5 есеге арттырмақшы. Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ болған соң, бұл тапсырманың бізге тікелей қатысы бар. Бірақ, агроөнеркәсіптік кешенге ғана басымдық берген дұрыс болмас. Өндірістің барық саласында шетел нарығына шығуды жолға қою – мақсат. Сондықтан, өнімін сыртқа жіберемін дейтін отандық бизнесмендерге мемлекет барынша қолғабыс етуде.

Нұралы Бөкейханов – Қазақстанның сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

– Біз кәсіпкерлерге потенциалды клиенттерді іздейміз, тауарлық белгілерді таныстырамыз, бизнесмендерге түрлі халықаралық көрмелерге қатысуға қаржылай және ұйымдастырушылық көмек көрсетеміз.

Сыртқы сауда платасынан өзге де қолдау институттары жететін. Мәселен, Қазақстанның даму банкі отандық тауарларды шетелде танытқысы келетіндерге төмен пайызбен несие береді. KazakhExport өз кезегінде түрлі сақтандыру қызметтерін көрсетеді. Алайда, залға жиналған теріскейлік кәсіпкерлер қауымын Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы көрсететін қолдау қатты қызықтырған көрінеді.

Диас Серіков – «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қолдау құралдары орталығының директоры:

– Біз кәсіпкерлер жұмсаған қаржының 30-дан 60 пайызына дейін оларға қайтарып береміз. Яғни, тауарды шетелде жарнамалауға, қоймалар мен басқа да орындарды жалға алуға және өнімді тасымалдауға жіберілген ақшаның бір бөлігі экспорттаушыларға қайтарылады. Бұл үшін биыл бізге 10 млрд 400 млн теңге бөлінді. Бүгінде бизнесмендерден өтініштер қабылдап жатырмыз.

Диас Серіковтың айтуынша, кәсіпкерлерге ақша тауар шетелге жөнелтілгеннен кейін 1 жыл ішінде қайтарылады. Бұл – экспорттық әлеуеті жоғары отандық өндірушілерге арналған шаралар. Әзірге, қолдаудың мұндай түрін пайдалануға 8 солтүстікқазақстандық компания ниет білдірген. Арасында көпке белгілі “Сұлтан” макарон фабрикасы бар. Сондай-ақ, жергілікті “Маслодел” компаниясы да мемлекеттік көмектің шарапатын көріп отыр. Ал Тимирязеводағы ұн үгу комбинатындағы жағдай керісінше, мүшкіл. Бүгінге дейін ұнды Ауғанстанға жөнелтіп келген кәсіпорынның жұмысы қазір тоқтап тұр, ал қызметкерлері таратылған. Бұған не себеп?

Күнсұлу Ғабдушева – “Тимирязев ұн үгу комбинаты” ЖШС қаржылық директоры, Тимирязев ауданы:

– Бүгінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан – бұл Қазақстанның ұн экспортындағы тікелей бәсекелесі. Қазір мұнда ұн үгу саласы қарқынды дамып келеді, билік барынша қолдау көрсетіп жатыр. Бұл мемлекеттер біздің елімізден бидайды үлкен көлемде импорттайды. Кейін өздерінің комбинаттарында үгеді, осылайша ішкі сұранысты қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ, өнімді олар арзан бағамен шетелге де сатады. Осыдан біздің ұнға деген сұраныс кеміп келеді. Салдарынан облыстағы ең ірі комбинатттардың бірі жабылайын деп тұр.

Бұл – проблеманың бір ұшы ғана. Өнімді Ауғанстанға Өзбекстан арқылы жеткізудегі қымбатшылық та комбинаттың қаржылық жағдайына кері әсер етіп тұр. Кәсіпорынның қаржылық директоры жиынға қолдау сұрай келген. Ол ұн үгуші комбинаттарға субсидия бөлінсе дейді. Мәселені отандық сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов бақылауға аламыз деді.

Нұралы Бөкейханов – Қазақстанның сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

– Былтыр экспортқа шыққан 2 млн тонна қазақстандық ұнның 1,5 млн-ы Ауғанстанға жіберілген. Бұл – біздің ең ірі серіктесіміз. Шынымен де, өнімді бұл мемлекетке жөнелту үшін вагондар жетіспейді, қосылған құн салығын қайтару бойынша да проблемалар бар. Бүгінде, түйіткілдерді шешуге тырысып жатырмыз. Сондай-ақ, тасымалдауды 1,5-2 есеге дейін арзандататын жаңа маршруттар жасалуда.

Бүгінде Қазақстан өз өнімін әлемнің 100-ден астам еліне жөнелтеді. Өңдеуші өнеркәсіптегі отандық тауарлардың мыңнан астам аталымы өзге мемлекеттерге экспортталады. Ал жоғарыда аталған жеңілдіктерді бизнесмендер ұтымды пайдаланса, бұл статистика қарқынды өсуі тиіс.

 

Саят Ермек