МТРА жаңалықтары

“Құлагер” ХК жаңа маусым алдында жолдастық кездесу өткізді

Қыркүйек айында шайбалы хоккейден Қазақстанның ашық чемпионаты басталады. Оған биыл 10 команда қатыспақ. Біріншілік алдында құрамалар өзара жолдастық кездесулер өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Кеше осындай мачтардың бірі Петропавлда жергілікті “Құлагер” мен рудныйлық “Горняк” арасында өтті.

Көптен күткен жолдастық кездесу басталып та кетті. Алғашқы периодта қос құраманың ойыншылары өте белсенді. Жиі шабуылдап, қақпа кілтін іздеуде. Бірінші периодта жерлестеріміздің жолы болды. Тура 10-шы минутта Егор Нудин шеберлігімен танылып, есеп ашты.

Осылайша алғашқы 20 минуттық аяқталды. Екінші периодта ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе орын алмады. Тек хоккейшілер жаға жыртысты. Бұл да ойынның көркін қыздырды. Есеп сол қалпы қалды. 1-де 0. Үзілістен соң, үшінші кезең де басталмақ.

– “Құлагер” командасына жарты жылдан бері қолдау көрсетеміз. Ойындары өте ұнайды. Бүгін жеңіске жетсе екен.

– Құрама сапындағы жігіттерге көңілім толады. Бірақ, қорғанысты күшейту керек. Хоккей матчтарын асыға күттік.

Үшінші кезеңде жергілікті құрама шабуылға қарқын қосты. Бұл өз жемісін берді де. Периодтың ортасына қарай құлагерлік 22-ші нөмірлі Родион Жарких басымдықты арттырды. Ал матчтың аяқталуына шамамен 4 минут қалғанда Федор Хорошев көзге түсіп, шайба авторы атанды. Сонымен есеп – 3-те 0. Теріскейліктер алғашқы жолдастық кездесуде жеңіске жетті.

Алексей Данилов – “Құлагер” ХК ойыншысы:

– Жолдастық кездесу жақсы өтті. Ойын барысында өзіміздің осал тұстарымызды байқадық. Техникалық шеберліктерімізді арттырдық. “Горняк” – жақсы команда. Ойыншылары мықты. Мұндай матчтардың қос ұжым үшін де берері мол.

Биыл жергілікті құрама сапына 7 жаңа ойыншы қосылған. Шайбалы хоккейден ел біріншілігі қыркүйектің 7-сі және 8-і күндері басталмақ.

Ешкенова Дана