Құқық қорғау органдары

Есірткі саудаланатын сайттар көрсетілген жазбаларды жою

Есірткі таратумен бірлесе күресуіміз керек! Тәртіп сақшылары бүгін Петропавлдағы пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен кездесті. Талқыланған басты тақырып – зиянды заттар саудаланатын сайттар туралы жазбаларды жою. Мұндай қауіпті парақшалардың адрестері көрсетілген түрлі граффитидің шаһарда пайда болғанына біраз уақыт болып қалды. Полицейлер қоғам өкілдерін оларды бояп тастауға шақырды.

Бұл – синтетикалық есірткінің әсері. Қабылдаған жанның ішіне жын кіріп, ойнақ салып жатыр ма дерсің?! Зиянды заттың аталған түрі галлюцинациялар тудырады, ләззатқа бөлейді-мыс. Бірақ, салдары жан түршіктіреді.

Синтетикалық тұз бен спайс. Есірткі бизнесіндегі бұл қармаққа көбіне жастар түсіп жатыр. Зиянды заттарды интернеттегі сан алуан сайттардан сатып алу оп-оңай. Дилерлер оны жарнамалаудың ең тиімді әдісіне жүгінген.

Иван Терзиди – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Олар үйлердің қабырғаларына, подъездерге, құрылыс нысандарына, шарбақтар мен гараждарға сайттардың адрестерін жазады. Бүгінге дейін бұл іспен айналысқан 5 адамды ұстадық. Бізде арнайы топ бар. Аптасына бір рет олар қала бойынша осындай граффИтилерді тауып, бояумен айналысады.

Бұл кеселмен күресті тек полицейлердің мойнына артып қойған дұрыс емес. Қоғам өкілдері олармен жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан, тәртіп сақшылары Петропавлдағы пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары және үйлердің үлкендерімен жүздесіп отыр. Қарамағындағы баспананың қабырғасында, подъездері мен шарбақтарында мұндай жазбаларды байқағандар оны бояп тастауы керек. Жауапкершілік танытып, шаруаны атқарып жатқан кооперативтер шаһарда баршылық.

Валентина Брюховец – “Пархоменко, 3” ПИК төрайымы:

– Мен басқаратын үйде жазбалар екі жыл бұрын пайда бола бастады. Басында не екенін білмедім, бәрін учаскелік инспектор түсіндіріп берді. Содан бері бояулар мен маркерлер алып, пайда болған граффИтилерді сырлай бастадым. Өйткені, оң-солын танымайтын жеткіншектер есірткінің жетегінде тез кетеді ғой. Жас ұрпақтың болашағын ойлауымыз керек.

Дегенмен, төрағалардың бәрі бірдей бұған мән бермейді, шара қолданбайды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, жазбалардың көзін құрту есірткі құрбандарының көбеюіне жол бермейді. Осы орайда тәуліктік бейнебақылау да көп көмек көрсетер еді. Тұрғындар аула-подъездерді камералармен жарақтаса, қауіпті сайттардың адрестерін жазатындарды анықтау мен құрықтау жеңілірек болады. Одан өзге, шаһарда соңғы жарты жылда пәтер тонау мен бұзақылық фактілерінің саны артқан. Бұл қылмыстардың бетін ашуда да камералардың пайдасы бар дейді полицейлер. Алайда, бүгінде бейнебақылаудың көмегіне тек 13 кооператив жүгініп отыр. Қондырғылардың тиімділігі жайлы олар жарыса айтуда.

Зоя Аткенова – Жамбыл көшесіндегі 142 “Б” үйдің үлкені:

– Көліктер кіреді, шлагбаумды сындырады деп айтып жатыр. Егер қарамаса, әрине, сындырады. Біздегі әр подъезде үлкен шам мен бейнекамера орнатылған. Камерадан кім кірді, кім шықты – бәрі көрінеді. Бізде ешқандай проблема жоқ.

Өңірлік полиция департаменті басшылығы кооператив жетекшілеріне учаскелік инспекторлармен де тығыз жұмыс жасау қажеттігін айтты. Тек осындай әріптестіктің арқасында ғана аулалардағы қоғамдық тәртіпті сақтауға болады.

 

 

 

 

 

Саят Ермек