Денсаулық сақтау

Биыл жарақат алған балалар саны артқан

Күйік шалған, жол апатында жапа шегіп, биіктіктен құлаған. Облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жарақат бөлімшесіне жыл басынан бері  түрлі жағдайда жарақат алған 800-ге жуық бала келіп түсіпті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 40-қа көп. Дәрігерлер жарақат алу фактілері, әсіресе, жаз айларында жиі болатынын айтты.

Бибіжан Дүйсебектің жасы 10-да. Ол Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылынан келген. Жеткіншек балалар ойын алаңқайында белтемірге тартыламын деп жерге құлап түскен. Оқушы қыз басында ештеңе сезбеген екен. Кейін тік тұра бергенде қолының сынғанын түсініпті.

Бибіжан Дүйсебек:

– Шошып кеттім. Кейін мені дәрігерге алып барды. Олар бізді осында жіберді. Мұнда маған гипс салды.  Басында ауырды. Қазір ауру сезілмейтін болды.

Жазғы демалыс күндерін амалсыздан ауруханада өткізіп жатқандардың арасында Айзар Ахметов те бар. Жасөспірім достарымен ойнап жүрген кезінде биіктіктен құлаған. Ол ағаштың басына шығамын деп абайсызда сүрініп кеткен екен. Ауруханада жатқанына бүгін – 7-ші күн.

Айзар Ахметов:

– Бастапқыда қолым аздап ауырды. Менің құлағанымды анам көріп бірден қасыма жүрігіп келді. Ол маған қолымның сынғанын айтқан кезде ғана есімді жинадым. Кейін мені дәрігерлерге алып барды. Олар мені тексерістен өткізіп, ауруханаға жатқызды.

Балалардың жарақаты бастапқыдай сыздап, жанына батпайды. Өйткені, мұнда оларды емдеп жазып, тиісті күтім жасайтын ақ халатты абзал жандар бар.
Білікті мамандар, әсіресе, жаз айларында біраз тер төгеді. Себебі, дәл осы кездері жастар келеңсіз жайттарға жиі кезігетін көрінеді.

Асылхан Жағыпаров – облыстық көп бейінді балалар ауруханасының дәрігері, травматолог-ортопед:

– Жаз айында жасалатын операциялар басқа мезгілдерге қарағанда күрделі. Өйткені, балалар далада ойнап жүріп әткеншек, белтірмелерден құлап кетіп, ауыр жарақат алады. Жаз кезінде жастар жиі ашық жарақат алады.

Дәрігерлер, әсіресе, көшеде балаларға мұқият болуды ескертеді. Өйткені, соңғы жылдары жол апатына ұшырап, ауыр жарақат алатын жеткіншектердің саны өсуде.
Мәселен, биыл мамандар абайсызда көлік астына түскен 10 жастағы қызды өлімнен арашалап қалған. Оқушыға отаның ең күрделі түрі жасалған. Науқастың беті бері қарапты. Қазірде жағдайы жақсы. Үйінде отбасының жанында ем алып жатыр.

Асылхан Жағыпаров – облыстық көп бейінді балалар ауруханасының дәрігері, травматолог-ортопед:

– Қыз сан сүйегінің ашық жарақатын алған болатын. Яғни, сан сүйегінің бетінде еті болмады. Және сүйегі бірнеше рет сынған еді. Бізде 46 күндей жатты.

Облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жарақат бөлімшесіне жыл басынан бері 781 бала түскен екен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 40-қа көп. Абырой болғанда, өлім-жітім фактісі биыл тіркелмеген екен. Ауруханаға келгендердің барлығы емделіп шыққан.

Маржан Касымбек