ТЖ

Рейдтік шаралар жалғасуда

Жағажайда жүрудің де өзіндік ережелері бар. Ішімдікке сылқия тойып алып, рұқсат етілмеген жерде шомылушылар жауапкершікке тартылады. Полицейлер аталған фактілердің санын азайту мақсатында өзен-көлдің жағасында сақтықты күшейтіп отыр.

Жаздың ыстық күндерінде жағажайға келушілердің қатары қалыңдайды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, суға түсушілердің көбі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Ал бұл өз кезегінде түрлі оқыс жағдайдың орын алуына себеп болатын көрінеді. Осыны ескерген мамандар алдын алу шараларын күшейтіп отыр.

Бағлан Ұзақов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері:

– Бүгінгі күнде Солтүстік Қазақстан облысының аумағында Петропавл қаласының полиция басқармасымен бірлесіп, СҚО ТЖД күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізеді. Мұндай іс-шаралар суға түсу маусымынан басталып, суға түсу маусымының аяғына дейін өткізілетін болады. Рейдтің барысында демалушыларға тыйым салынған жерлерге суға түсуге болмайтындығы туралы жеткізіледі және полиция қызметкерлері оларға ескерту мен айыппұл салады.

Биыл шомылу маусымы басталғалы бері 6 адам рұқсат етілмеген аумақта шомыламын деп батып кеткен. Ал арнайы жағажайларда бірде-бір қайғылы оқиға тіркелмепті. Негізі, тұрғындар қауіпті жерде суға түсудің салдары қайғылы аяқталуы мүмкін екенін біле бермейді дейді мамандар. Осының алдын алу үшін олар ережені ескермеген 15 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, тәртіпке шақырған. Тоқтатылған тұлғалардың көбі жағажайда ішімдікке сылқия тойып алып жүрген. Оған қоса, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған тағы 50-ден аса факті анықталыпты.

Мырзагелді Иманбаев – қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Тыйым салынған орында суға түскен жағдайда демалушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ескерту және айыппұл салынады.

Сөз соңында айта кетейік, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде рейдтік шаралар әлі де жалғасын табады. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар шомылу маусымының соңына дейін жағажайларды қатаң бақылауында ұстауды жоспарлап отыр.

 

 

 

Маржан Касымбек