Ауыл шаруашылығы

Өңір аграрийлері білімдерін тереңдетуде

30 теріскейлік аграрий партаға отырды. Олардың  агрономия саласындағы біліктіліктерін арттыру мүмкіндіктері бар. Бүгін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін Петропавлда бір апталық арнайы курстар бастау алды.

“Жаңғыру” институты, негізінен, ауылдағы мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру бағытында жұмыс істейді. Ал бүгін партада – теріскейлік аграрийлер. Шаруалардың білімдерін тереңдететін қысқа курстарды институт “Ауыл” партиясымен бірлесе жүзеге асыруда.

Иван Кендюх – “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы СҚОФ төрағасы:

– Мәселен, нанотехнологиялар агронОмия саласына да жетті. Ол тұқым сапасын анықтауда қолданылады. Алайда, біздің шаруалар бұл жайлы білмейді. Егер аграрлық секторда үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз десек, мұндай жаңашылдықтардан хабардар болуымыз керек. Курстар, ең алдымен, осыған бағытталған.

Бұл – оқуға келген шаруалардың алғашқы легі. Ірі агроқұрылымдар курстарға өздерінің агрономдарын жіберіпті. Ал шағын шаруа қожалықтары мен серіктестік басшылары білімдерін тереңдетуге өздері келген.

Асхат Буженов – “РА БАЙАГРО” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– 700 га алқапқа дән сіңіремін. Бір гектардан 28 центердей бидай, шамамен 13-14 центнер майлы дақыл аламын. Бірақ, өнім көлемін одан да арттырғым келеді. Өзім агрономмын, сондықтан көп нәрсені білемін. Бірақ, шаруашылықты кеңейту үшін жаңа технологиялар қажет. Олармен танысу үшін, білімімді тереңдету үшін келдім.

Қандай жаңа технологиялар бар? Бір гектардан алынатын өнім көлемін қалай арттыруға болады? Пестицид-гербицидтерді қалай дұрыс себу керек? Осының бәрін аграрийлер бір апта бойы меңгертін болады. Айта кетейін, курстар ақылы. 36 сағаттық оқу үшін 12 мың теңге төлеу қажет. Бірақ, нәтиже құйған қаржыны ақтауы тиіс.

Айман Қасенова – “Жаңғыру” қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтының директоры:

– Кез келген агроқұрылым курстарға қатысуға өтініш білдіре алады. Шектеу жоқ. Мамандарға СҚМУ профессорлары, Мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары дәріс оқитын болады. Негізі, сабақтардың тек 30 пайызын ғана теорияға, ал қалғанын практикаға арнап отырмыз.

Бұл бастама жергілікті атқарушы билік тарапынан бірден қолдау тапқан. Өйткені, ауыл шаруашылығы мамандарын оқытатын мұндай курстар аграрлық аймаққа ауадай қажет.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біздің аграрлық сектордағы мүмкіндіктеріміз мол. Оны тиімді пайдалану үшін ең алдымен, кадрларымыз білікті болуы қажет. Алдағы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығында үлкен серпіліс жасау керекпіз. Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді.

Саят Ермек – тілші:

– Сондықтан, курстар жыл бойы жүйелі түрде жүргізіліп отырмақ. Ал қысқа қарай шаруалар білімдерін бір емес, екі апта бойы арттыратын болады. Болашақта оларға еліміз бен шетелдің үздік аграрлық универсиеттерінің профессорлары дәріс оқиды деп жоспарланып отыр. Әрине, егер қаржылай тұрғыда бұл мүмкін болса.

 

 

 

 

Саят Ермек