Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда термос-вагон шығарылады

Ет, балық, көкеністер мен жемістер. Теріскейде тез бүлінетін өнімдердің тасымалымен айналысатын термос-вагондар шығарылмақ. Өндірістің бұл түрімен Петропавл ауыр машина жасау зауыты айналысып жатыр. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпорында әзірленген дүние Ресей Федарациясына экспортталатын болады.

Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысы әдеттегіден қызу. Кәсіпорын жаңа, еліміз бен жақын шетелде теңдесі жоқ жобаны қолға алып отыр. Дәнекерленіп жатқан металдарға қарағанда, нәтижесінде қандай дүниенің шығатынын түсіну әрине оңай емес. Қазір мамандар болашақ теміржол вагонының қанқасын дайындау үстінде. Істі өте тиянақты, ұқыпты орындау қажет. Сондықтан, жұмыс тек тәжірибелі қызметкерлерге сеніп тапсырылған.

Александр Девисенко – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас дәнекерлеушісі:

– Вагонның әр бөлшегін бөлек-бөлек дайындаймыз. Кейін оны лего сынды жинаймыз. Жасалған рамаға кузовты бекітеміз. Тежегіш қондырғысын орнатамыз. Кейін ішін полиуретанды жабындымен қаптаймыз. Бұл өз кезегінде вагонды изотермиялық қасиетпен қамтамасыз етеді. Есіктерін әзірлеуге де өте үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Себебі, одан ауа өтпегені маңызды.

Яғни, тасымал құралының ішіне жылу немесе суық кірмеуі тиіс. Дәл солай сыртқа шықпағаны да маңызды. Себебі, бұл қарапайым вагон емес. Ет, балық, көкеністер мен жемістер. Кәсіпорын тез бұзылатын тағам өнімдерін діттеген жерге жеткізетін құралды шығарумен айналыспақ.

Вадим Шакшакбаев – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

– Вагонның қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайды. Сыйымдылығы – 145 текше метр. Тасымал құралының ішіне салынған өнім өз температурасын 10 күнге дейін бірқалыпта ұстап тұрады. Яғни, бүлінбейді. Біз бұл вагондарды шығаруды қолға алғанда барлық проблемаларды алдын-ала зерттедік. Тез бүлінетін тамақ өнімдерін жеткізумен айналысатын компания өкілдерімен ақылдастық. Осылайша, кем-кетік тұстардың болуына жол бермедік.

Мамандар вагон жасау технологиясын жарты жылдың ішінде-ақ меңгеріп алыпты. Қазір жұмысшылар айына 50-60 заманауи дүниені дайындауға толығымен әзір. Бастысы – қосымша ешбір қондырғыны алудың қажеті жоқ. Зауыттағы технологиялардың барлығы жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауға қауқарлы. Оған қоса, қазір мұнда жаңғырту шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде тағы бірқатар су жаңа құрылғылар орнатылмақ. Яғни, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл – кәсіпорын үшін де, сатып алушы тарап үшін де тиімді болмақ. Неге десеңіз, бүгінде термос-вагондар ауадай қажет.

Вадим Шакшакбаев – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

– Соңғы термовагондар Германия Демократиялық Республикасында жасалды. Яғни, содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Парк тозды, тасымал құралдары жиі сына береді. Сондықтан, Ресей Федерациясы тарапынан біздің шығаратын өнімге сұраныс өте жоғары. Тауарларымызды эскпорттайтын боламыз. Алдын-ала келіссөздер жүргізіп жатқан компаниялар да бар.

Ал, алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы вагондарға арнайы GPS-ті орнатуды жоспарлап отыр. Бұл өзінің өнімін жіберген компанияларға тауардың қайда және қандай температурада екенін бақылауда ұстауға мүмкіндік бермек. Жалпы, алғашқы шығарылған тасымал құралдары қазір – арнайы сынақ полигонында. Тестілеу сәтті өткен екен. Вагон шығару технологиясымен танысу үшін Ресейдің Троицк қаласынан мамандар келіпті. Рефрижераторлық депоның инжинерлері өндірістің әр кезеңімен егжей-тегжейлі танысқан. Меймандар дайын өнімнің мінсіз екенін айтуда.

Андрей Мижевикин – «Троицк» рефрижераторлық вагон депосының бас инженері, Троицк қаласы, РФ:

– Қазіргі таңда қолданыста жүрген вагондардың кем-кетік тұстары бар. Мәселен, едені мен есік жақтаулары ағаштан жасалған. Тасымал құралына жүкті тиеген кезде оның барлығы тиегіш көлікке соғылып, тез тозып қалады. Сондықтан, жиі жөндеуге жіберіледі. Петропавлдық зауыттың тауарындағы бұл бөліктері сапалы металлдан жасалыпты. Жалпы алғанда жұмыс өте жақсы орындалған.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты қазір ауқымды шаруаның мәресіне жетті. Енді тек тауар сертификатын алу қажет. Ол үшін Мәскеуде арнайы ведомствоаралық комиссия жиналатын болады. Міне, солар арнайы құжатты бермек.

 

 

 

Эльмира Садвокасова