Қоғам

Кәсіпкерлер POS-терминалдарды орнатуға құлықсыз

POS-терминалдар мен интернет арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасау! Бұл заман игіліктері. Олар қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де аса тиімді. Алайда, жаңашылдықтарды іскер жандардың барлығы бірдей өз жұмыстарында қолдануға құлықсыз.

Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары мен банк қызметкерлері Петропавлдағы дүкендерді аралауда. Мақсат – POS-терминалды орнатудың тиімділігін түсіндіру. Өйткені, қолма-қол ақшаға қарағанда банк картасы арқылы есеп айырысқан әлдеқайда ыңғайырақ. Азаматтар интернет-банкингтің игілігіне де көп жүгінеді бүгінде. Сондықтан, карточкаларды қабылдайтын арнайы терминалдар әр сауда нүктесінде болуы тиіс.

Апта басынан мамандар 8 сауда нүктесін аралаған. Ендігі кезек – “Караван” дүкенінде. Мұндағы ондаған бөлімде көбіне азық-түлік, үйге арналған тауарлар, косметика мен әшекей бұйымдар сатылады. Алайда, сатып алушылар тауар үшін төлемді тек қолма-қол жасай алады. Қала тұрғыны Владимир Левадный “Караван” сатушыларына POS-терминалдарды орнату тиімсіз деп санайды. 3 жыл бұрын ол мұнда тұрмыстық техника саудалаған екен. Сөзінше, дүкен клиенттері картамен сирек есеп айрысады.

Владимир Левадный:

– Мен бұл жерде жұмыс істедім. Барлық клиенттерді танимын деуге болады. Барлығы қолма-қол төлем жасайды. Бұл үлкен супермаркеттерге тиімді болуы мүмкін. Себебі адамдар ол жерлерде 8-10 мың теңгеге тауар алады. Ал мына жерде олай емес.

Алайда, шағын дүкен болсын, алып супермаркет болсын POS-терминал барлық сауда орындарында болуы тиіс. Өйткені, әр сатып алушының банк карточкасымен төлем жасауға заңды құқығы бар.

Лилия Әбілева – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Жеке кәсіпкер POS-терминал орнатпаған жағдайда, әкімшілік кодекске сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Терминал бола тұра, карточка қабылдаудан бас тартқан заңды тұлағаларға да тиісті шара қолданылады. Бірінші рет ескерту жасалады. Егер заң бұзушылық қайталанып жатса, 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Ал “Северный” сауда үйіне мамандар оң бағаларын берді. Өйкені, картамен есептесуге болатын бөлімдерді мұнда жиі кездестіруге болады. Негізі, петропавлдықтар POS-терминалдардың тек дүкендерде ғана емес, өзге де қызмет көрсету орындарында орнатылғанын қалайды.

– Көп орындарда қолма-қол ақшамен есеп айрысуға мәжбүрмін. Мысалы, қаладағы бір де бір техникалық қызмет көрсету стациясы карта қабылдамайды. Ал үлкен супермаркеттерде бұл жағы өте ыңғайлы.

– Әрине, мен үшін карточкамен төлеу ыңғайлы, себебі өзіңмен бірге қолма-қол ақша алып жүрудің қажеті жоқ. Бірақ кей дүкендерде карта қабылданбайды.

Ешкенова Дана