Мәдениет

Жергілікті өнерпаздарға арналған шеберлік сағаттары

Елімізде алғаш рет үздік өнерпаздардың басын қосатын «Báiterek – Fest» ұлттық шығармашылық фестивалі өтеді. Байқаудың алғашқы іріктеу кезеңі аяқталды. Қазір ұйымдастырушылар мен кәсіби мамандар жер-жерді аралап, шеберлік сағаттарын өткізуде. Кеше өнер майталмандары теріскейге ат басын бұрды. Олар қаламызда 10 аталым бойынша сынға түсетін жандарға вокал, хореография мен дизайннан сабақ беріп жатыр.

Шеберлік сағатында тер төгіп жатқан жандар – «Туған жер» ансамблінің мүшелері. Өнер иелері үшін бүгінгі сабақ – ерекше. Әдетте, домбыра мен қобыздың үніне қазақтың ұлттық билерін орындайтын ұл-қыздар қазір – балет сабағында. Мәнерлі, әсем өрнекті бұл қозғалыстарды оларға «Астана Операның» әртісі үйретіп жатыр. Бейбіт Баянбаевтың жергілікті ұжыммен жұмыс істеуіне берілген уақыт көп емес. Сондықтан, әр минутты тиімді пайдаланып, классика деп саналатын бидің «іргетасын» қалыптастырып үлгеру қажет. Айтуынша, өнерпаздардың талпынысы жақсы.

Бейбіт Баянбаев – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртісі, Ұлттық дельфий комитетінің мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Өздерінің билерін қараймыз, кеңес береміз. 5-6 ансамбльден Нұр-Сұлтан қаласына тек 1-2 ұжым іріктелінеді.

Хореография, вокал, ыммен ән айту және театрландырылған көрініс. Басымдықты тек шығармашылық номерді дайындауға беруге болмайды. Себебі, сахнаға шыққанда көрермен мен қазылар алқасы костюмге де ерекше назар аударады. Музыка мен негізгі ойды өнерпаздардың үстіндегі киімі де толықтырып тұруы тиіс. Бұның барлығын қазақстандық дизайнер Қайролла Әбішев бақылауына алған. Модельер талай жыл бойы еліміздің бетке ұстар әртістерінің сахналық образдарын дайындаумен айналысады екен. Ал, қазір ол жергілікті ансабльдермен жұмыс жасауда.

Қайролла Әбішев – Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі:

– Кеше мен жергілікті ұжымдармен кездестім. Сонда ансамбльдердің бірі республикалық байқаудың финалына өте алмағандарын жеткізді. Себебі, костюмдері қазылар алқасының көңілінен шықпапты. Бұл ретте мен бір детальға назар аудартқым келеді. Қазақтың ұлттық музыкасы қобыз бен домбыраға негізделеді. Аспаптардың үні біздің жазық даламыздай бірқалыпты. Сондықтан, сахналық образда да тым ашық түстерді қолданбаған жөн. Ал, модерн билерінде қандай мата мен бояуларды қолдансақ та жарайды. Бастысы үйлестіре білу қажет.

Шеберлік сағаты «Báiterek – Fest» ұлттық шығармашылық фестивалінде сахналық қойылым аталымында өнер көрсетіндер үшін де ұйымдастырылды. Ұл-қыздарға істің қыр-сыры айтылып, көрерменнің назарын баурап алудың әдістері сөз болды. Пайдалы ақпаратты күллі Қазақстанға танымал «Sensitive» ұжымының мүшелері мұқият тыңдап тұр. Талай жергілікті және халықаралық байқауларды бағындырған бишілер алдағы конкурста 3 бірдей номинацияда өнер көрсетпек.

Павел Ткаченко – «Sensitive» би театрының мүшесі:

– Біз ыммен ән айту, хореография және театрландырылған қойылым аталымдары бойынша сынға түсеміз. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Байқауға апаратын шығармашылық номерлеріміз дайын. Шеберлік сағатын ұйымдастырып жатқан менторлардың көмегіне жүгініп, кем-кетік тұстарымызды білуге тырысудамыз. Олар да бізден ақылдарын аямауда. Нәтижесінде фестивальде жақсы өнер көрсетеміз деген ойдамын.

Бүгін – шеберлік сағаттарының екінші күні. Жалпы, мұндай шараны – «Báiterek – Fest» ұлттық шығармашылық фестивалін ұйымдастырушылар еліміздің 5 қаласында өткізуде.

Мейіржан Алиақпаров – «Báiterek – Fest» ұлттық шығармашылық фестивалінің комиссия мүшесі, Ұлттық дельфий комитетінің қоюшы-режиссері:

– Байқау ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, азаматтар бастамалары қолдау орталығы гранты аясында өткізілуде. Ерекшелігі – өнердің 10 номинациясында ұйымдастырылады. 0-47Қазір біз онлайн-қабылдауды аяқтадық.

Байқаудың алғашқы кезеңіне 1500-дей өнерпаз қатысуға ниет білдірген екен. Келесі турға тек 250-і жолдама алды. Ал, ақтық финал тамыздың 27-28-і Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болады. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар мен үздік кәсіби мамандардың шеберлік сағаттары күтіп тұр.

Эльмира Садвокасова