МТРА жаңалықтары

«Халықтық бақылау» порталы

Өңір тұрғындары әкімдіктің табалдырығын аттамай-ақ, толғандырған сұрақтарын билік өкілдеріне қоя алады. Ол үшін облыс әкімінің сайтына кіріп, «Халықтық бақылау» порталына тіркелу қажет. Міне, осылайша қас-қағым уақытта өтініш білдіруге болады. Жыл басынан бері мұндай тамаша мүмкіндікті бірқатар жерлестеріміз пайдаланып, 70-тен аса сауал жолдапты.

Медициналық қызмет, жөндеуді қажет ететін жолдар, орнатылмаған көше шамдары. «Халықтық бақылау» порталына күн сайын 15-тен аса өтініш келіп түседі. Сауалдарды бірінші болып Раушан Байзақова қабылдайды. Кейін, теріскейліктердің шағымын тиісті органдарға жөнелтеді.

Раушан Байзақова – СҚО әкімі аппараты өтініштер секторының меңгерушісі:

– Тұрғындар сайтқа өтініш білдіру үшін өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі мен толық аты-жөнін жазуы керек. Кейін, мекен жайын да белгілеуі тиіс. Осылайша адамдар мәселе жайлы қысқаша ақпар қалдыра алады. Біз оларды қарап, тиісті орындарға жібереміз.

Өтініш жіберудің де өзіндік шарттары бар. Мысалы, көтеріліп жатқан мәселе жөндеу жұмыстарына байланысты болса, сол жердің суретін жолдауы керек. Талаптар толық орындалған жағдайда мамандар 10 күннен соң тұрғындарға жауап береді. Сондай-ақ, өңір азаматтары әлеуметтік мәселеге қатысты шағымын «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалау офисіні барып та айта алады.

Екатерина Старостина – «Qyzyljar – adaldyq alany» жобасының жетекшісі:

– «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалау офисінің басшысы – өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов. Енді ол тұрғындар мен жергілікті билік арасында тығыз байланыс орнату үшін, «Халықтық бақылау» жобасын жандандыруды қолға алды. Теріскейліктер өз шағымдарын әлеуметтік желідегі парақшаларға, арнайы сайтқа және оқушылар сарайындағы кеңсемізге келіп жеткізе алады. Қазірдің өзінде жолдың сапасы жайлы 20-дан аса өтініш келіп түсті.

Шыныменде мамандардың сөзінше жерлестеріміздің басым бөлігі жолдың сапасына шағымданатын көрінеді. Солардың ішінде ондаған қала тұрғыны Досмұхамбетов көшесін жөндеуді өтініпті. Бұл жерде шілденің басынан бері қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.

Әсем Айтолла- Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Петропавл қаласының автокөлік жүретін жолдары 366 км-ді құрайды. Бүгінгі таңда жұмыстар жоспар бойынша және өтініштер бойынша жүргізіледі. Осындай өтініштердің аясында қазірде Досмұхамбетов көшесінде жолды қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл көше 6 метрден 9 метрге дейін кеңейтіледі. Және де аялдама мен жол белгілері орнатылатын болады.

Сонымен қатар, «Жол құрылыс» кәсіпорыны Болатбаев және Жуков қиылысындағы жолдарды да жөндеуге кіріскен. Олар көшелердегі ой-шұқырдарды жауып жатыр. Жалпы, бірінші жартыжылдықта солтүстікқазақстандықтар жергілікті атқарушы органдарга 21014 өтініш жіберіпті. Ал, жыл басынан бері “Халықтық бақылауға” 74 шағым келген екен.

Маржан Касымбек