Спорт

Ербол Хамитов чемпион атанды

Спортсүйер қауымға жағымды жаңалық! Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында грэпплингтен II Халықаралық «Asia Open» турнирі өтті. Байрақты бәсекеге қазақстандықтармен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Үндістан елінен келген 500-ге жуық спортшы қатысты. Дүбірлі додада 71 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Ербол Хамитов жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.

Бұл кадрлар елорда да өткен II Халықаралық «Asia Open 2019» турнирінде жасалған. Боз кілемде жерлесіміз Ербол Хамитов. Ол Нұр-Сұлтан қаласының өкілімен күш сынасып жатыр. Бастапқыда қос спортшы да сақ қимылдады. Уақыт өте іске кірісті. Ұтымды сәттердің бірінде теріскейлік қарсыласын құлатып, өзінің қарулы қолдарымен тұншықтыру әдісін жасады. Осылайша жеңіске жетті.

Жалпы жерлесіміз дүбірлі дода да 3 кездесу өткізді. Олардың екеуін уақытынан бұрын аяқтаған екен. Ал тағы бір қарсыласын ұпай саны бойынша жеңіпті.

Ербол Хамитов – Грэпплингтен II «Asia Open 2019» халықаралық турнирінің жеңімпазы:

– «Asia Open 2019» чемпионатына бірінші рет қатыстым. Бір ай бұрын мен осы жарыста 66 кг-да өнер көрсетемін деп ойлаған едім. Онда кәсіби спортшылармен сынға түспекші болдым. Бірақ кейін ойландым. Сөйтіп, жартылай кәсіби дәрежедегі жігіттермен күш сынасуға шешім қабылдадым. Яғни, 71 келі салмақта бақ таластыратын болдым. 3 қарсыласым да мықты. Барлығы да тәжірбиелі жастар. Бірақ, жеңіс маған бұйырды.

Жалпы, грэпплинг – барлық күрес түрін қамтиды. Яғни, дзюдо, самбо, джиу-джитсу, еркін, грек-рим және басқа да күрестің техникалық жиынтығы болып саналады. Ербол дәл осы спорт түрімен 2 жыл айналысады екен. Оған қоса бапкер болып та қызмет етеді. Қазіргі таңда ол жергілікті жастарға грэпплингтің қыр-сырын үйретіп жүр.

Негізі бүгінде Ербол екі спорт түрін бірдей алып жүр. Бірі – тау-шаңғысы болса, екіншісі осы – грэпплинг. Күніне үш мезгіл жаттығады екен. Әр жаттығуы 1,5-2 сағатқа созылады.

Ербол Хамитов -Грэпплингтен II «Asia Open 2019» халықаралық турнирінің жеңімпазы:

– Қазіргі таңда мен тек жаттығумен айналысамын. Оған қоса, әрдайым өз білгенімді достарыма, жас жігіттерге айтып, үйретіп жүремін. Басты мақсатым – Петропавлда грэпплинг спортын дамыту. Алға қойған мақсаттарым бар. Соған жету үшін ерінбей еңбек етемін.

Мақсатарының бірі – 2022 жылы Пекинде өтетін паралимпиада ойындары. Ербол Қытайда жалауын желбірететін жарыста тау шаңғысынан сынға түспекші. Додаға дайындықты бүгіннен бастапты.

 

Ешкенова Дана