Құқық қорғау органдары

Жолаушылар қауіпсіздігі – басты назарда

Өңірде «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы қорытындыланды. 5 күнге созылған шараға 400-ден аса полицей қатысыпты. Олар 2700-ден аса заң бұзушылық фактісін анықтаған.

5 күн ішінде облыс трассаларында жасақтар күшейтілді, автопатрульдер жұмылдырылып, бекеттер қойылды. Іс-шараға қатысқан мамандар тек жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтап қойған жоқ. Олар адамдармен тілдесіп, жолда жүру кезінде қателік жібермеу керектігін түсіндірді.

Жалпы, “Қауіпсіз жол” шарасына 400-ден аса полицей қатысты. Тәртіп сақшылары акция кезінде 2700-ден аса жол қозғалысы ережесінің бұзылуын анықтады. Темір тұлпар иелерінің көпшілігі жылдамдықты арттырған, қауіпсіздік белдігін тақпаған және телефон пайдаланған.
Көлікті мас күйде айдағандар да баршылық. Ондай 46 тұрғын ұсталды. Тағы, бұрындары жүргізуші құқығынан айырылғанымен, рөлге қайта отырған 561 адам құрықталды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер тарапынан да бұзушылықтар тіркелді.