Құқық қорғау органдары

Жерлесіміздің ерлігі елеусіз қалмады

Жүрек жұтқан жерлесіміздің ерлігі елеусіз қалмады. Бүгін қалалық полиция басқармасы 2 жасар баланы өлім аузынан арашалаған Дмитрий Зайцевты марапаттады. Ол шілде айының ортасында 4-ші қабаттағы ашық терезе алдында тұрған бүлдіршінді құтқарған болатын.

Шілденің 17-сі. Шухов көшесі бойындағы 16-шы үй. Кешкі 9 кезінде дәл осы баспананың 4-ші қабатындағы ашық терезенің алдында кішкентай балақай тұрады. Оны белгісіз петропавлдық байқап, полициға хабарласқан. Тәртіп сақшылары келгенше бүлдіршін қауіпсіз жерге түсіріледі. Оны Дмитрий Зайцев есімді азамат жасайды.

Дмитрий Зайцев, қала тұрғыны:

 – Мен сол кезде үйде болған едім. Подьезде адамдардың шулағанын естіп, сыртқа шықтым. Аулада 15 шақты кісі терезеге қарап, баланың қай пәтерде екенін анықтай алмай жатты. Баспанаға жүгіріп кірдім де, ас бөлменің терезесінен сыртқа қарадым. Сонда балақайдың менің пәтерімнің астында тұрғанын көрдім. Не істерімді білмедім. Бірақ дереу шешім қабылдап, балкон арқылы төменге өрмелеп түстім де ішке кірдім. Осылайша баланы аман алып қалдым.

Жүрек жұтқан жерлесіміздің ерлігі елеусіз қалмады. Оған қалалық полиция басқармасының өкілдері алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Белгілі болғандай сәбидің анасы баланы таныс әйелге қалдырып кетіпті. Өзі жұмыста болған екен. Кішкентайды бағып отырған келіншек сол кезде қалғып кетсе керек. Қырағы және батыл көрші болмағанда, балақай құлап, жазым болар ма еді?!

 

 

Бердімұрат Баймұқан.