ТЖ

Өткен аптада 3 жерлесіміз суға кетті

Отбасылық демалыстың соңы қайғылы аяқталды. Шілденің 28-і Есіл ауданына қарасты Чириковка селосының маңында 74-ші жылы туылған ер адам судан ажал құшты. Азамат батып бара жатқан 3 баланы құтқармақ болған екен. Балғындарды аман алып қалған ол, өзеннің ағынына төтеп бере алмаған.

Бір апта ішінде 3 бірдей қайғылы оқиға. Бұл – өткен жұманың көрсеткіші. Екеуі – балықшылар. Аққайың және Қызылжар аудандарында өзен-көлдерге қармақ салуға барған азаматтар, қарапайым сақтық шараларын ұстанбапты. Яғни, құтқарушы жилетін кимеген. Салдарынан ажал құшты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Табиғат аясындағы демалыс тағы бір теріскейлік үшін қайғылы аяқталды. Петропавл тұрғыны туған-туысқандарымен Есіл ауданына қарасты Чириковка селосының маңындағы өзенге барған. Ол жерде шомылуға рұқсат етілмеген. Тынығу кезінде азамат екі баласы мен жиенінің суға батып бара жатқанын көріп, құтқармақ болады. Балғындарды аман қалады. Ал өзі судың ағынына төтеп бере алмай, көз жұмды.

Бұл ретте мамандар тек рұқсат етілген жерлерде шомылуға болатындығын ескертеді. Мұндай арнайы су қоймаларының саны облыс бойынша – 58. Соның екеуі – Петропавлда орналасқан.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, қайғылы оқиғалардың саны артқан. Биыл өңірде 20 адам судан ажал құшты. Олардың алтауы шомылу барысында көз жұмды. Арасында 18-ге толмаған 3 бала бар. Былтыр дәл осы уақытқа дейін 9 факті тіркелген болатын. Ал, 2018-дің шомылу маусымындағы статистика сүйенсек, өзен-көлдерге 13 кісі батқан.

Шілдедегі ауа райының қолайлы болуына байланысты жерлестеріміз арнайы немесе жасанды жағажайларға ағылуда. Сондықтан, құтқарушылар тәртіп сақшыларымен бірлесе ұйымдастыратын рейдтерді жиілетті. Шаралардың барысында 160-тан астам солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың 87-сі ішімдік ішсе, қалғандары шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түскен. Тұрғындар бұндай заңсыздықтарға жиі жол береді. Бірақ, дәл осы екі жағдайдың арты қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін екенін естен шығармаған жөн.

Эльмира Садвокасова