Қоғам

Жұмыс берушілер зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі

Бүгінде еліміздегі орташа зейнетақы мөлшері 86 мың теңгеге жуықтады. Бұл сомманы одан әрі арттыру мақсатында келер жылы отандық зейнетақы жүйесінде тағы да бір жаңашылдық орын алмақ. Нақтырақ айтар болсақ, 2020-дан бастап жұмыс берушілер қарамағындағы еңбеккерлерінің шотына 5 пайыздық жарна төлеуге міндеттеледі.

Еліміздегі зейнетақы жүйесі әлі күнге дейін реформаларды бастан кешіріп, жаңартылып жатыр. Мұндағы мақсат – оның мөлшерін арттыру. Кезекті жаңашылдық 2020-ның 1-қантарында қоланысқа енбек. Яғни, келесі жылдан бастап әр жұмыс беруші қарамағындағы қызметкер үшін өз қалтасынан қосымша жарна аударып отыратын болады.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы шотына 15% зейнетақы жарналары түсетін болады. Оның 10%-ы – жұмысшының табысынан ұсталатын зейнетақы жарналары, ал 5%-ы жұмыс берушінің есебінен төленетін зейнетақы жарналары.

Яғни, 98-ші жылға дейін еңбек етпеген жанның зейнетақысы үш компоненттен тұратын болады. Біріншісі – бұл жинақтаушы зейнетақы, екіншісі – базалық, ал үшіншісі жұмыс беруші аударған жарналардан құралмақ. Осылайша, оның мөлшері біршама артуы тиіс. Жаңашылдықтың зейнет жасындағыларға, отставкадағы судьяларға, әскерилер мен күш құрылымдарының қызметкерлеріне және фрилансерлерге қатысы жоқ. Ал жұмыс істейтін барлық отандастарымызға тікелей қатысы бар. Ал егер азамат қайтыс болса немесе шет елге көшіп кетсе ше?

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Жұмыс берушінің есебінен төленетін зейнетақы жарналары жеке тұлғаның жеке меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды. Себебі, бұл жарналар жұмыс берушінің қалтасынан төленеді. Бұл жарналар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активінде болады және басқа зейнеткерлердің арасында қайта бөлінетін болады.

Бұл халықтың әл-ауқатын көтеру үшін, азаматтарға олардың еңбек өтілдеріне сәйкес лайықты зейнетақы төлеу мақсатында енгізіліп отырған жаңашылдық. Айта кетейік, бүгінде облысымызда 103 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың орташа зейнетақысы қазіргі таңда 83585 теңгені құрап отыр.

 

 

 

Саят Ермек